Басты бет » Жаңалықтар » Биыл Наурыз 10 күн тойланады

Биыл Наурыз 10 күн тойланады

Биыл Наурызды тойлау 10 күнге жалғасады. Оны тарихта «Наурызнама» деп атаған екен. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.

Наурызнаманың бағдарламасы:
14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр.
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.