Басты бет » Жастар үні » Жас маман мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды

Жас маман мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінде жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз-ақ орналасып, жұмыс істеуіне әбден болады.

Бұл – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына енген өзгерістердің бірі де бірегейі. GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары болып, оқуды бітіргеніне 1 жылдан аспаса, бақ пен бап қатар шапты дей беріңіз. Содан соң ауылдық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымына орналаса аласыз. Ол үшін оқу орнын үздік аяқтап, қызыл дипломды қоржынға салып әкелсең, жеткілікті

Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызметке келген жастың бірі – Әлия Темірова. Әлия Нұрлыбекқызы 2001 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Ол 2023 жылы Алматы технологиялық университетін үздік тәмамдап, туған топыраққа қарай тарта жөнелген. Бүгінде Теректі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқарады.

– Өз замандастарымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға қолдауын, зор мүмкіндігін пайдаланып, мемлекеттік қызметкер болуға шақырамын. Ең бастысы, жоғары оқу орындарында жақсы білім алып, қызыл дипломға қол жеткізіп, тиісті балл алу үшін тер төгу қажет. Сапалы білім ел болашағының жарқын болуына әсер етеді. Өз саламызда білікті болайық, жастар! – деді ол өз сөзінде.

Жастардың мемлекеттік қызметке келгені, тәжірибе жинап, елге қызмет еткені көңілге сенім ұялатады. Кейіпкеріміздің жұмысқа орналасқанына 3 ай болды. Аталмыш салада жетістіктерге жетуге құлшынып отыр. Ендеше сәттілік жас маман, бас маман!

Ақтілек ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Теректі ауданы