Елімізге вейптерді (электронды темекі) әкелуге, таратуға тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс отырысының екінші оқылымында қабылданған денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында жазылған. Бұл туралы Atameken business телеграм арнасы жазды.
Вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Атап айтқанда, сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекеттер үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Ал Дәулет Тұрлыханов кальян қолдануға тыйым салуды ұсынды.
Мәжіліс депутаты тиісті мәселе бойынша заң жобасын әзірлеуді сұрап отыр. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр, дейді ол.
«Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген», — деді Дәулет Тұрлыханов.
t.me/atamekenbusiness_qaz