Испаниядан анасын іздеп келген Жәнібек (Jani Eddy J Saveliev) виза уақытының аяқталғандықтан Қазақстаннан кетті. Қазақ радиосында «Бармысың, бауырым?» хабары Мұрат-Жәнібек туралы арнай хабар шығарып, оның анасын іздеуге көмек көрсетті. Алайда бельгиялық жігіттің анасы болуы мүмкін делінген жанның сараптама нәтижесі жарияланды. Зерттеулер нәтижесінде, «Жәнібектің (Jani Eddy J Saveliev) анасы болуы мүмкін» деген келіншек ДНҚ сараптамасы теріс нәтиже көрсетті.
Алайда «Бармысың, бауырым?» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан іздеу жұмыстары тоқтамайтынын айтты.
«Әйел құжаттағы аты-жөнді ойдан құрастырып жазып кеткенін мойындап отыр. Өкініштісі, сараптама нәтижесі бойынша ол әйел Жәнібектің анасы болмай шықты. Ресми құжаттағы бүкіл мәліметті мойындап, қабылдап отырған адамның сынама нәтижесі бұлай шыққаны түсініксіз жағдай. Екінші күдігіміз: перзентханада немесе Жәнібек 2 жыл бойы тәрбиеленген Балалар үйінде балалар ауысып кеткен. Енді сұрақ – бала ауысып кетсе, біз тауып отырған Жазираның ұлы қайда?!» – Қымбат Досжан.
Осылайша, Жәнібектің анасына қатысты жағдай күрделене түсті. Жәнібек Қазақстанда тұру визасының уақыты аяқталғанына байланысты туған жерінен өскен жеріне оралуға мәжбүр болғанымен, ол жақында оралатынын жазды. Әрі туған анасын іздеу жұмысын тоқтатпайтынын да айтты.
«Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңіздей қонақжай, мейірімді халықпен танысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін және қолдау танытқандарыңыз үшін мың алғыс! Мен Қазақстанның әр ұлына, қызына, анасына, әкесіне тәнтімін және ризамын!» – деді Жәнібек.
«Қазақстаным, рахмет саған, туған ел! Ең бастысы, мен бұл сапарымда туған жерімді таптым, туған еліммен қауыштым, әр қазаққа бала, бауыр екенімді түсіндім. Бәріңізді жақсы көремін. Амандықта жүздесейік!» деп жазды.