Басты бет » Даналық дәптері » Байлық пен Кедейлік туралы аңыз

Байлық пен Кедейлік туралы аңыз

33226253_2133595990246707_7236473488020602880_n

Күндердің бір күнінде Байлық пен Кедейлік «Кім сұлу?» деп сөз таластырыпты. Алайда бір ымыраға келе алмаған соң, жаяулатып келе жатқан ер азаматқа:

­– Біздің сұрағымызға сен жауап бере алатын сияқтысың. Айтшы, екеуміздің қайсымыз әдеміміз, сұлумыз? – деп сұрапты.

«Қап, қалай жауап берсем екен?» – деп жаяу жүргіншінің басы қатады: «Кедейлікті сұлу десем, Байлық ренжіп, менен кетіп қалар. Байлық сұлу десем, Кедейлік маған ызаланып, бас сала төнуі мүмкін. Қайтсем екен?»

Ары ойланып, бері ойланып: «Бірден бұл сауалға жауап беру қиын екен. Сендер ары-бері жүріп көріңдер, мен қарап көрейін», – дейді.

Байлық пен Кедейлік ары да өтеді, бері де өтеді. Бар сұлулығын көрсетуге тырысып бағады.

– Иә? Қайсымыз сұлу екенбіз ә? – дейді екеуі жарыса.

Ер адам жымиып:

– Сен, Кедейлік, кетіп бара жатқанда, яғни артыңнан қарағанда сондай сұлу әрі тартымды көрінесің. Ал, сен, Байлық, керісінше жүзіңмен бері қарап, адамға қарай жүргенде сұлулана түсесің, – деген екен.

 

Пікір жазу