Ұлытау облысында жас ақын-жазушылардың бастамасымен құрылған әдеби клубтың ашылуы алдымен Жаңаарқа ауданында бастау алды. С.Сейфуллин атындағы аудандық кітапхананың оқу залында «Ұлар» әдеби клубының тұсауы кесіліп, «Жайлауы жас қаламның – албырт сезім» атты поэзия кеші өтті.
Ары қарай жас таланттардың бас қосуы Қаражал қалалық орталық кітапханасында жалғасын тауып, поэзия кеші ұйымдастырылды.
Әдебиетке құштар жастарды өз қатарына қосуды көздеген әдеби клуб мүшелері Жанат Әбдіғожин, Медет Карахметов, Абай Ораз, Мұкағали Сейтқазы, Қанат Мусин, Мәди Олжабай және Жоламан Мағзұм сынды жас ақындар жиналғандарға өз өлеңдерін оқып, кітаптарын тарту етті.
Айта кетейік, облысқа қарасты аудан, қалалардағы жас ақын-жазушылармен шығармашылық байланыс орнатып, жас дарындардың қатарын көбейтуді мақсат тұтқан «Ұлар» әдеби клубы Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы жанында жұмыс істейтін болады. Әдеби клубтың төрағасы болып жас ақын Абай Ораз сайланды.