Басты бет » Жастар үні » Елордада «Менің бауырым» студенттік волонтерлік жобасы басталды

Елордада «Менің бауырым» студенттік волонтерлік жобасы басталды

Балалардың құқықтарын қорғауда мектептер мен жоғары оқу орындары бірікті: Елордада «Менің бауырым» студенттік волонтерлік жобасы басталды. 

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі «Менің бауырым» еріктілер жобасын іске асыру туралы екіжақты келісімге қол қойды. Бірлескен құжат балалардың құқықтарын қорғауға және балаларға қатысты жобаларды тиімді басқаруға, мектеп оқушыларының қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағытта ведомство бірқатар шаралар қабылдауда. Оның ішінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағыты да бар.

«Халқымыздың «Асар» деген игі дәстүрі бар. Яғни, бірлесіп, ерікті түрде жұмыла көмектесуді білдіреді. Волонтерлік — осы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың тікелей көрінісі. Еріктілер өз елінің нағыз патриоты мен азаматы ретінде балаларды жақсылыққа, әділдікке, жасампаздыққа жетелеп, шығармашылық шабыт береді деп сенеміз. «Менің бауырым» еріктілер қозғалысы балаларымыздың құқықтарын қорғау бағытындағы ынтымақтастығымызды нығайта түсері сөзсіз», — деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, «Менің бауырым» жобасының еріктілері қатарына педагогика, құқықтану, психология, әлеуметтік педагогика және ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша 3-5 курстарда оқитын ЖОО студенттері тартылмақ. Елорданың 171 мектебінің оқушыларына қолдау көрсететін 12 жоғары оқу орнының 1300 студентінен тұратын команда құру жоспарлануда.

«Менің бауырым» жобасының еріктілері алдымен арнайы тренингтерден өтіп, мектептерде балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу жөнінде нұсқаулықтар беріледі. Олардың әрі қарайғы жұмысы патриоттық және экологиялық тәрбие беру, жауапкершілікті арттыру, мектепішілік қарым-қатынастарды нығайту, эмоционалдық интеллектіні, құқықтық, оқырмандық, қаржылық және IT сауаттылықты дамыту жөніндегі маңызды бағыттарды қамтитын болады. Волонтерлік топтарды жоғары оқу орындары құрады. Ал Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен олардың мектептердегі жұмысы ұйымдастырылады.