Соңғы жылдары электрондық сауда желілері сатып алу ісінде біраз мәселені жеңілдетті. Ал тұтынушылардың көңілінен шығу да табысты қызметтің ажырамас бөлігі болып саналады. Интернет арқылы жасалатын сауда кезінде тұтынушылардың құқығы қаншалықты қорғалады? Бұл туралы бүгін елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев түсіндіріп өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Сурет: https://www.gov.kz/
Ол сөз басында сатып алу көлемінің ұлғаюына байланысты тауарды қайтару және айырбастау процестеріне қатысты мәселелер артып келе жатқанын айрықша атап өтті.
«Көптеген тұтынушылар электрондық сауда желілерінде қайтару және айырбастау процедурасының күрделілігіне қатысты наразылық білдіріп жатады.
Сондықтан біз осы бағытқа ерекше көңіл бөлеміз.
Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жоғары стандартын қамтамасыз ету мақсатында электрондық сауда алаңының өкілдерімен ынтымақтастықты жалғастыруда.
Бірлескен күш-жігер платформаның барлық тұтынушылары үшін ашықтыққа, әділеттілікке және қауіпсіздікке кепілдік беретін шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған және бұзылған құқықтар мен тұтынушылардың құқықтарын тез және әділ шешуді қамтамасыз етуге бағытталған», — дейді департамент басшысы.
Сөзін жалғай отырып, бірлесе жұмыс жүргізу тұтынушылардың электрондық сауда желілеріне деген сенімін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтары сатып алудың барлық кезеңдерінде қорғалатын электрондық коммерцияға теңдестірілген көзқарастың маңыздылығын көрсетеді дейді.
«9 ай ішінде 600 өтініш қаралды, республика бойынша 31 млн теңгеден астам сомаға жасалған саудадағы бұзылған құқықтар қалпына келтірілді. Астана қаласы бойынша қайтарылған тауар үшін ақшалай қаражатты тиісінше және тиісті емес сапада қайтаруға жәрдемдесу туралы 65 өтініш қаралды және тұтынушыға жалпы сомасы 1 200 млн теңгеге ақшалай қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді», – дейді Нұрғали Егембердиев.
Айта кетейік, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» қолданыстағы заңына сәйкес тұтынушы ақаулы тауарларды қайтаруға, сондай-ақ өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын пропорционалды төмендетуді, тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды, тауарды ұқсас маркалы тауарға (модельге, артикулға) ауыстыруды, шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» жаңа заң жобасы аясында тауарларды өткізу мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда нысандарына» теңестіру ұсынылатынын атап өткім келеді. Тиісінше, офлайн сатушыға қойылатын барлық талап онлайн сатушыларға да қолданылады. Бұдан басқа, электрондық сауда алаңдарының иелерін кәсіпкерлермен тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың талаптарын сақтау жөнінде шарттар жасасуға міндеттеу ұсынылады. Бұл бағытта жұмыс жалғасады», — деді Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы.