Басты бет » Жаңалықтар » «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ән әлемі» концерті өтті

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ән әлемі» концерті өтті

Кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ән әлемі» атты хор-концерт өтті. Кеште классикалық хор композициясы, халық әндері, сондай-ақ заманауи музыка шығармалары орындалды.

Шығармашылық кеш режиссері Нұржан Тутов, хор жетекшісі және дирижері Манарбек Жәлімбетов, Мәдениет саласының үздігі, хореограф Айгүл Танбаева, «Алатау» фольклорлық ансамбль жетекшісі Тұрсынай Пазыл және театр артистері.

Хор деген кезде халық арасында тек өнер қауымы түсінетін жанрдың түрі стереотип қалыптасқаны бар. Әйтсе де, кешегі концертте жиналған қауым бұл өнерді қабылдауға ынталы екенін көрсетті. Оған дәлел ретінде кештің шымылдығын ашқан «Қазақстан» әні көрерменді елең еткізді. Жеке дауыста орындалған шығармалар концертті жандандыра түсті. Олар: «Зәуреш» авторы Мұхит Мералыұлы; хорға өңдеген: Манарбек Жәлімбетов. Жеке дауыста: Нұрболат Исаев; «Қайықта» сөзі: Нұрсұлтан Әлімқұлов әні: Шәмші Қалдаяқов. Хорға өңдеген: Бейімбет Демеуов. Жеке дауыста: Бибигүл Қилымхан, «Самал тау» халық әні. Хорға өңдеген: Ғалымжан Берекешов. Жеке дауыста: Шаттық Уатқан; «Гүл Алматы» сөзі: Жұбан Молдағалиев әні: Александр Зацепин. Хорға өңдеген: Ғалымжан Берекешев. Жеке дауыста: Айбек Құдайберген, Құралай Утепова т.б.

Әртүрлі дауыста ән салатын театр артистерін, шығармада дауыс үндестігін таба білген хор жетекшісі және дирижері Манарбек Жәлімбетовтың еңбегін атап өткен дұрыс болар. Әуеннің көркем тілін, идеялық мазмұнын бұзбай нақтылы түрде тыңдаушыға жеткізе білді. Дирижер ретінде қол қимылдарын анық түсінетін сигналдарды пайдалана отырып хор мен ансамбльді ұштастыра алды.

Хорды сахнаға, ал ансамбльді халыққа жақын орналастыру арқылы режиссер Нұржан Тутов пен хор жетекшісі және дирижері Манарбек Жәлімбетов көрермендерге ән әлемінің сұлулығын сыйлады. Екі өнерпаздың әсем талғамы кеш қонақтарына әннің мазмұнын жоғары деңгейде жеткізе білді. Бағдарлама ауаны халық әндерінен заманауи бағытқа бет алып, Сүгірдің термесімен қорытындыланды.

Театрымызда, өнерпаздарымызды сан қырынан танытатын концерттер мен қойылымдар көрермендерімізге кеңінен насихатталды. «Ән әлемі» атты хор концерті өнер мен халық арасына сарқылмас көпір бола білді. Оған дәлел жиналған қауым сахнагерлермен қоштасқысы келмей, үздіксіз соғылған шапалақтар қимастық сезімді аңғартты. Болашақта Алатау дәстүрлі өнер театрында көрерменнің жүрегінен орын табатын қойылымдар көп болып, шығармашылық жетістіктерге жете беруін тілейміз.

 Инара Аубакирова, 

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының әдебиет бөлімнің маманы