Қазақ қызы! Үстіңе қара киім кимеші. Басыңа қара орамал тартпашы.
Оранбашы қараға! Көркем жүзіңді қарамен неге тұмшалайсың? Не көрінді сендерге? Неге адасып жүрсіңдер? Айналайын-ау, өз жұртыңның салт-дәстүрінен неге жерисің?
Ұзын көйлек кигің келсе, етегі тобықтан түскен, ғажап, әдемі, кең тігілген көйлектер дүкендерде толып тұр емес пе? Басыңа орамал тартқың келсе де, небір ашық түстісін, сапалысын таңдап жүріп алуыңа болады. Мұның бірін көзіңе ілмей, жат елдің қара қапшығын үстіңе іліп, сүйретіліп, бетіңді қап-қарамен бүркеп жүретіндей не басыңа күн туды?
Қазақ қызы! Ертерек есіңді жишы.
Өзіңе ақыл айтқанды жау көріп, өзіңді-өзің құрдымға апара жатқаныңды ұғармысың?
Санаңда саңылау болса, ояншы! Не істеп жүргеніңді ойлашы. Өз ұлтыңның дәстүрінен, киімінен жерініп,ешқашан ұшпаққа шыға алмайсың.
Қараға орану жақсылықтың жолы емес.
Біріңді бірің шырмауықша орап, қайтарымсыз ақшаға қызығып, қараға оранып жүргендеріңді ел біліп те қалды.Күндердің күнінде оңай жолмен тауып жатқан ақша үшін көз жасың тоқтамай төгілуі де мүмкін…
Қара киім кимеші, қазақ қызы! Біреудің құрған қақпанына түсіп, ықпалынан шықпай тоқырап, дамымай, ойсыз, қамсыз жүріп, өзіңе, жақындарыңа қиындық туғызба! Көзіңді аш, жүзіңді ашық ұста! Күмәнді істерден бойыңды аулақ сал. Өз ұлтыңның киімінен артық әдемі киім жоқ. Қадірін білші!
Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ,
Фейсбук парақшасынан