Басты бет » Жаңалықтар » Президент Қ.Тоқаев: Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін

Президент Қ.Тоқаев: Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін

Мемлекет басшысы:

«Жастар кез келген өзгеріске бейім болады. Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік.

Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз.

Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық.

Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады.

Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны санаға мықтап сіңірген жөн»

Президент сондай-ақ елде қайырымдылық, волонтерлік шаралар аясын кеңейту мәселесін де айтты.

Қ.Тоқаев:

«Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек.

Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!»