Басты бет » Жастар үні » РЕСПУБЛИКА КҮНІ: Астанада «Мәңгілік жаса, қыран елім!» атты оқушылар айтысы өтті

РЕСПУБЛИКА КҮНІ: Астанада «Мәңгілік жаса, қыран елім!» атты оқушылар айтысы өтті

Кеше Республика күніне орай Астанада мектеп оқушылары арасында «Мәңгілік жаса, қыран елім!» атты айтыс өтті. Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – ұлтымыздың рухани құндылығының бірегейі – айтыс өнерін өскелең ұрпақ арасында дәріптеу, жас ұрпақты ұлттық рух пен отансүйгіштік, ұлтына, салт-дәстүріне деген құрметке тәрбиелеу, дарынды шығармашыл жастарды анықтау.
Жас ақындар айтысына 9 оқушы бақ сынады. Бабалардан аманат болып келе жатқан рухани қазынамыз – айтысты жалғастыратын, келесі ұрпаққа жеткізетін жастардың өсіп келе жатқанын көріп қуантады. Елін, жерін, тәуелсіздікті жырларына арқау еткен жас ақындар әсерлі ой-толғамдарымен көпшілікті тәнті етті.
«Мәдениет саласының үздігі» Көпбосын Ғабдоллаұлы, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкен, айтыскер ақындар Айшолпан Тілеутай, Данияр Нұрымжанұлы, Асылбекқызы Айым қазылар алқасы құрамында жас ақындардың өнерін бағалады.
– Рухани сусап тұрған қоғамда осындай ұлттық құндылықты дәріптейтін іс-шаралар көп болуы керек. Байқоңыр аудандық әкімдігі аппаратының қашанда осындай рухани шараларға мұрындық болып жүретіні қуантады. Басқа да әкімдіктердің ішкі саясаты осындай шараларды көп өткізсе, қоғамның рухани тәрбиесіне атсалысар еді. Құндылықтар құлдырап, діл мен дін мәселесі ушығып тұрған уақытта ұлттың рухын ұлттық құндылық ғана көтере алмақ, – дейді «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы.
Жас ақындардың басын қосқан айтыс қортындысында І орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы № 83 мектеп-гимназияның оқушысы Берік Әсет иеленсе, ІІ орынды Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия оқушысы Мисалбек Назар иеленді. Ал 3-ші жүлделі орын Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның шәкірті Олжас Батанға бұйырды. №76 мектептің жас ақыны  Абылай Қайратұлы мен №71 мектептің шәкірті Аяла Бақыт та өнері тәнті етті. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Өз тілшіміз