Шымкентте Республика күні қарсаңында жас ақындар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы өтті. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен жиналған 16 айтыскер қатысты.
Тәуелсіздікті жыр еткен ақындар айтысына белгілі айтыскерлермен қатар, мәдениет саласының мамандары, атап өтсек, айтыстың ақтаңгері атанған Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Күлия Айдарбекова, Ахметжан Өзбеков, Еркебұлан Қайназаров әділ бағасын беріп, қазылық етті. Жыр додасында жас ақындар қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, көрерменді ұшқыр ой, ұрымтал шумақтарымен тамсандырды. Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов марапаттап, ұлттық өнерімізді ұлықтап, тамаша айтыс көрсеткен өнерпаздарға алғысын білдірді.
Әділ қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Ердәулет Ыбырай мен Нұрдаулет Өмірбекке, ІІ орын Жамбыл облысының өкілі Мұхтар Қонарбай мен түркістандық ақын Ахметрасул Баянбайға, ал, І орын Баянауылдан келген Мәрес Байронға берілді. «Күміс домбыра» айтысының бас жүлдесін Шымкент қаласының өкілі Аян Ниязбек жеңіп алды. Ақындардың барлығына арнайы сыйлықтармен қатар, кәсіпкерлер тарапынан арнайы ақшалай сыйақылар табысталды.
– «Күміс домбыра» айтысына биыл үшінші рет қатысып тұрмын. Бірінші айналымда Астананың ақыны Ердәулет Ыбыраевпен шықтым, екінші айналымда түркістандық ақын Ахметрасул Баянбаймен айтыстым. Айтыстың көрермені жылдан жылға жасарып келеді. Сондықтан да жастар арасындағы маңызды мәселелерді қозғадым, – деді «Күміс домбыра» жеңімпазы Аян Ниязбек.
Фариза АХМЕТ
Шымкент қаласы