Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығы мен Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне орай, жас жазба ақындар арасында республикалық «Күміс қалам–2023» поэзиялық кеші өтті.
Үшінші рет ұйымдастырылып отырған поэзия кеші – жастардың ынтасын арттырып, ақындардың шабытын ашуға зор мүмкіндік береді. «Күміс домбыра», «Күміс қалам» жобаларын Шымкент қаласының әкімдігі алғаш 2020 жылы бастаған.
Жас ақындар кешіне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы келіп, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады. Үлкен додада бақ сынағалы келген жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.
Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендер қатары көп болды. Сайыста 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар қатарынан іріктеу кезеңіне 16 жас ақын жолдама алған. Олар 4 кезең бойынша бақ сынады. I орын «Күміс қалам–2023» жас ақындар мүшәйрасының иегері Ұлытау облысынан келген Айзада Рахымжан, II орынды Жадыра Байбуланова, III орынды Серғазы Қайырболды иеленді.
Фариза Ахмет,
Шымкент қаласы