Басты бет » Жаңалықтар » Аягүл Миразова: ҚАЗАҚ ҚАН ЖҰТҚАН ҚАЙҒЫНЫҢ ОРТАСЫНДА ДА ҚАРА ТҮСТІ КИІМ КИМЕГЕН!

Аягүл Миразова: ҚАЗАҚ ҚАН ЖҰТҚАН ҚАЙҒЫНЫҢ ОРТАСЫНДА ДА ҚАРА ТҮСТІ КИІМ КИМЕГЕН!

Білім саласында байырғыдан келе жатқан, үлгі аларлық, өнеге боларлық мектептің киім үлгісі бар. Тәуелсіз ел атанғанға дейін де оқушы атанған жастар арнайы мектеп формасын киді. Содан оқушылар білімсіз, тәрбиесіз, тіпті дінсіз болды дей аламыз ба? Олардың иманының әлсіреуіне, білімінің төмендеуіне мектеп формасы әсер етті деу қисынды ма? Әрине жоқ! Сапалы білім алды, өнегелі тәрбиемен есейді мектеп қабырғасында олар. Әлі де солай. Бірыңғай форма не үшін қажет? Бай мен бағланның баласы да, қарапайым отбасының оқушысы да бірыңғай киім үлгісімен жүреді. Ата-ана да бәсекелестік деп бас ауыртпайды, баланың да көңілі бұзылмайды әлеуметтік теңсіздікті ойлап. Онсыз да түрлі реформаны бастан өткеріп, алағай да бұлағай бағдарламаларға малтығып қалған мектепте енді киім үлгісін ретке келтірдік пе дегенде хиджаб, орамал мәселесі дүркін-дүркін көтеріліп жатыр. Қай заманда қазақтың қызы қара жамылып, тарс бүркеніп еді? Ата-бабамыз ислам дінін ұстанбады ма? Бес уақыт намазын қаза қылмай өтемеді ме? Олар қай қызына хиджаб кигізіп, тұмшалады? Қазақ қан жұтқан қайғының ортасында да қара түсті киім кимеген. Ақ орамалды қызы жат жұрттық атанып, өзге үйдің босағасынан келін болып оң аяғымен аттаған сәттен бастап тартқан.

Ғұмырымның елу жылға жуық уақытын ұстаздыққа арнадым, әлі де осы салада еңбек етіп келемін. Кейінгі кезде жылт етпе жылтыраққа әуестігіміз артып, өзгенің салтына ықыласымыз ұлғайып бара жатқандай көрінеді. Жыл сайын жаңа оқу жылы басталғаннан орамал мен хиджаб дауы өршиді де, соңғы қоңырауға дейін ұласады. Мектеп – білім нәрін құятын орта, баланың келешекте қандай мамандық иесі атанарына бағдар сілтейтін шаңырақ. Заң талабы барлығына да бірдей орындалады, бәрі де соған бағынуы тиіс. Бала кәмелеттік жасқа толып, өзі шешім қабылдайтын кезеңге жеткенде еркі біледі қандай киім киетінін. Сондықтан кез келген ата-ана баласын мектепке оранып келуін емес, білім алсын, оқысын, білікті маман атануына жол ашылсын деп қадағалауы керек. Ата-ана өзінің ұстанған бағыты, ой-пікірі дұрыс-бұрыстығын ескермей баласына таңып, мәжбүрлеп тели беруіне болмайды деп санаймын. Барлық бала бірдей, емін-еркін ойнап, жадырап жайнап жүріп қатарластары секілді білім алуға толық құқылы. Білім саласындағы талап біреу ғана болып, сол талапты орындауға ата-ана да, ұстаз да, мемлекет те міндетті болуы тиіс деп ойлаймын.