
«Мен еліміздің боксшыларын қолдау үшін Шанхайдан келдім. Біздің жанкүйерлеріміз көп. Мысалы, Бейжіңнен дос балалар арнайы осында келді. Кейбірі бір-екі сағаттық жақын қаладардан келіп жатыр. Негізі Қытайда жүрген қазақстандықтар өте ұйымшыл. Қазір жайлап жиналып жатырмыз»,- деді отандасымыз Әлімжан Көшкімбай.
Талғар Толқынұлы Шанхай қаласында, консерваторияда оқиды. Өнер саласының өкілі болғандықтан жанкүйерлердің қолдауы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Халықтың ықыласы спортшыны да, музыкантты да қанаттандыратынын айтады.
«Мен музыкантпын, сондықтан да жанкүйерлердің қолдауын жақсы түсінемін. Сол үшін жолдас балалармен жиналып, Қазақстандық спортшыларға қолдау көрсету үшін арнайы келдік. Жеңсе де, жеңілсе де жанкүйер боламыз. Бізде алда Олимпиада, әлем чемпионаттары бар. Сол себепті мен барлық қазақстандықтарды қай жерде болмасын отандастарымызға жанкүйер болуға шақырамын»,- дейді қазақстандық студент Талғар Толқынұлы.