Басты бет » Жаңалықтар » Оралда «Жас келін–2023» байқауы өтті

Оралда «Жас келін–2023» байқауы өтті

Орал қаласында «Атамекен» өнер ордасында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырумен «Жас келін – 2023» аймақтық келіндер байқауы өтті. Байқауға Ақтөбе, Маңғыстау облысы, Орал қаласы мен аудан орталықтарынан 13 үміткер қатысты.

Аймақтық байқаудың мақсаты – жас келіндердің ұлттық ұстанымдары, салт-дәстүрге жетіктігі, әйел адамының қоғам алдындағы рөлін көтеру. Сонымен қатар абысынды-келіндердің татулығын нығайту. Осы байқау аясында облыстық халық шығармашылығы орталығында Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жазушы-ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» лиро-драмасы сахналады. Сондай-ақ «Отбасы – бақыт мекені» атты сырласу-сұхбат үстелінде өңірге танымал ұстаз Тұяқбай Зейітұлы, белгілі журналист Ғайсағали Сейтақ, өнер майталмандары Жаскелең Ғайсағалиев, Қуаныш Қисметов сынды тұлғалар жұбайларымен бірге келіп, жас келіндерге өнеге-өсиет айтып, отбасылық құндылықтары туралы ойларын ортаға салды.

Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Хайроллақызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы-ақын Дариға Ғазезқызы, «Ағайын холл» мейрамханасының бас аспазшысы Жұмасұлу Шамекейқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ БҚО филиалының төрайымы, дәстүрлі әнші Күләш Қуатқызы, «Мария ханым» сән салоны басшысы Жұлдыз Қазиқызы жас келіндердің шаңырақ ұйытқысы болуына ниеттес екендіктерін жеткізді. Шараға соңында Тұяқбай аға жас жұбайларға бата-тілегін арнады.

«Бармағынан бал тамған» кезеңінде жас келіндер ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындады. Әсіресе, қарын бүрме, өрметөс, сүмесүт тағы да басқа тағам түрлері дайындап, ұлттық тағамдарды насихатталды.

Қазақтың ұлттық құндылықтары насихатталған «Жас келін–2023» аймақтық келіндер байқауының Бас жүлдесін Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданынан келген Бағдагүл Қарабасова жеңіп алса, 1-орынды Теректі ауданының келіні Мөлдір Ізғалиева, 2-орынды ақтөбелік Хұсни Ғабсаттар, 3-орын – Бөкейордалық Гүлзада Жауылбаева иеленді.