Басты бет » Жаңалықтар » Құмар ойындар жастарды құрдымға тартып барады

Құмар ойындар жастарды құрдымға тартып барады

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес өтті. Кеңесте Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және қазақстандық жастар арасындағы лудомания проблемасы көтерілді.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кеңес пен «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшелері және аймақтық филиал өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы еліміздегі казино, онлайн казино, тотализаторлар, букмекерлік кеңселер, лото орталықтарының барлығының қызметін жою қажет екенін айтты.

Депутаттың айтуынша, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге болған, ал лудоманияның зардабына келсек, 174 мың қазақстандық 36 млрд теңгеге ставка тіккен.

– Ағымдағы жылдың 8 айында елде 2620 суицид фактісі тіркелген, оның 2080 ерлер, 540 әйелдер және 139-ы кәмелетке толмаған балалар. Сондай-ақ, құмар ойындарға қаражат табу үшін адамдар ортақ отбасылық мүлікті сатады, несие алады және қылмыс жасайды, – дейді депутат.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жылға қарағанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу деңгейі 40 есеге артқан. Соңғы 2 жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қазақстандықтар ең көп қаржы жұмсайтын дүниеге айналды.

– Құмар ойын мен букмекерлік кеңселердің құрбанына айналған отандастарымызға қатысты деректерді тізбектей берсем таңды таңға ұруға тура келеді. Өйткені лудомания біздің қоғамға дендеп енді, деміктіріп барады! Ең сорақысы, Қазақстанда лудомания дертіне шалдыққандарға қатысты сараптама, яки зерттеу жұмысы осыдан 10 жыл бұрын жасалыпты. Қолда қазіргі сараптама болмаса кіммен күреспек жауапты ведомствалар?

Бүгін өзім төрағалық ететін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес отырысын лудоманияға арнадық. Сандар сұмдық, статистика жан түршіктіреді. Отырыс өте қызу өтті, кеңес мүшелері нақты ұсыныстар айтты, министрліктермен бірігіп атқаратын жұмыстарды ақылдастық. Ресми хаттаманы жолдап дереу іске көшеміз, – деп жазды Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

ҚҰМАР ОЙЫНҒА ӘУЕСТЕР РЕСМИ ТҮРДЕ АУРУ ҚАТАРЫНА ЖАТҚЫЗЫЛАДЫ

Мәжілісте лудомания мәселесі қаралып, Денсаулық сақтау министрлігіне осындай ұсыныс жасалды. Одан бөлек, бәс тігу жарнамалары шектеліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күрес күшейтілмек. Ең негізгісі – құмар ойынға әуес адамдарды анықтаудың нақты тәсілдері әзірленіп, ойын бизнесіндегі компаниялардың салығы әкімшілендірілмек.

«Үш жылда 11 мың интернет-казино сілтемелерді бұғаттадық. Алайда тек мемлекеттік мекеменің күшімен интернет-казиноны жарнамалау мәселесін шешу мүмкін емес. Біздің интернет ресурста kogam.gov.kz шағымдану бөлімі жұмыс істейді. Кез келген қолданушы күдікті саналатын материал немесе сайт туралы ақпарат қалдыра алады»,-дейді Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қ.Ысқақов.