Оңтүстік астананың танымал өнер ордасы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театры биыл екінші рет театр маусымын тағы бір айға ұзартып отыр. Отандық театрлардың көбі мамыр айында көрермендерімен «уақытша» қоштасса, мүсіреповтіктер Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына рухани демалыс сыйлау үшін биылғы маусымды шілде айының соңына дейін жалғастырмақ.
Албаниядағы фестиваль марапаттау салтанаты
Театр ұжымы 77 маусымы бастау алғалы бері 7 жаңа қойылымның тұсаукесерін өткізіп, көрермен сұранысымен Қазақстанның барлық қалаларында «Сезім сапары» спектакль-турын ұйымдастырып үлгерді. «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымымен Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Астана қалаларына күніне 2 сеанстан өнер көрсеткен театр Халықаралық фестивальдерде де жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Ұлтымыздың мәдениетін шетелде дәріптеуде келелі істер атқаруда. Атап айтсақ, театр репертуарындағы «Қарагөз» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымы Түркия елінің Анталия қаласында 15-19 мамыр аралығында өткен XIII Халықаралық «АНТАЛИЯ» театр фестивалінде, Өзбекстан мемлекетінің, Ташкент қаласында өткен «ЕУРАЗИЯ» театр фестивалінде үздіктер қатарынан көрінсе, Мәскеу қаласында өткен А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінде «Құлагер» қойылымы еліміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатты. 1000 адамдық Моссовет сахнасында аншлагпен өнер көрсеткен театр өзінің кәсіби мүмкіндігін кезекті рет дәлеледі. Орта Азияның мәдени кеңістігінде қазақ театр өнерінің шығармашылық деңгейі жоғары бағалауға ие болып, театр өз мүмкіндігін Еуропалық театр фестиваліне шақырту алуымен байқап көруге аттанған болатын. «ALBAMONO – 2023» моноспектакльдер фестивалі Албанияның Корча қаласында өткізілді. Театр репертуарындағы «Қаhар» (реж.: Дина Жұмабаева) моноспектаклімен қатысқан ұжым ГРАН-ПРИ жүлдесін және спектакль режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. 2022 жылдың қараша айында премьерасын Түркияның Анкара қаласында өткен Халықаралық «ANKARA» театр фестивалінде өткізген аталмыш спектакль бірнеше бәйгелерде топ жарып үлгерді. Әлемдік классика Жан Ануйдің «Медея» пьесасының негізінде сахналанған спектакльдегі Медея рөлінде – театр артисі Гүлбахрам Байбсосынова.
10-16 сәуір аралығында «Тотальный театр» ұйымдастырған «TOTAL FEST. Действующее лицо» фестивалінде де «Қаhар» (реж.: Дина Жұмабаева) моноспектаклі көрермендердің көзайымына айналған болатын. Еуропалық театр стандарттарына сай, өзіндік көркем ойларын өзгеше шешімдермен берген режиссер жұмысы туындының маңызды бөліктерін аша алған. Ауыр оқиғалардың арасындағы әйел жанының тазалығын аршып алуға тырысатын спектакль өз көрермендерін табуда. Әлем елдерінің мықтылары бақ сынаған бәйгеде үздік танылған театрдың бұл жеңісі, қазақ өнерінің мәртебесі мен мерейін асқақтатқаны сөзсіз.
«Құлагер» қойылымының Мәскеудегі көрсетілімі
Маусым айының өзінде көрермендерге екі жаңа қойылым ұсынып үлгерген театр үнемі ізденіс үстінде жүретіндіктерімен ерекшеленеді. «Алтын маска» театр жүлдесінің номинанты, режиссер Сергей Левицкийдің Қазақстандағы бірінші жұмысы «Оптимистік трагедия» да көпшіліктің көңілінен шықты. Режиссер толықтай кейіпкерлер линиясын сақтай отырып, өзінің азаматтық көзқарастарын автордың аузына салады. Вишневскийдің бұл пьесасы жақсылық пен зұлымдық арасындағы күрестің өзіндік аллегориясына айналды. Мүсірепов театрының актерлік өнер мектебінің деңгейін танытқан қойылымдағы Сырылдақ – Мақсат Сәбитов, Вайнонен – Мерей Әджібеков бейнелері көрермендерді бей-жай қалдырмады. Қойылымдағы артистердің кәсіби актерлік қабілеттерінен бөлек, әр-түрлі формаларды еркін игеріп кететін қасиеттерін баса айту керек. Әр сахна арқылы олар көрерменнің көңіл-күйін тудырып, «дүбірлетіп» қана қоймай, өздерінің әмбебаптығына тәнті етті. Мәселен, автор — Ұлан Болатбек көрермен залында көрермендермен бірге қойылымды тамашалайды. Түзету керек тұстарын айтар уақытта сахнаға жүгіре шығатын оның болмысы шынайылыққа негізделген. Өз кезеңінің ең сорақы оқиғаларын баяндайтын туындыда негізгі шындықтың бұрмаланғанын автор қойылымды қоя жүріп көрсетіп отырады.
«Құлагер» қойылымының Мәскеудегі көрсетілімі
Мүсірепов театрының репертуарын толықтырған туындының ерекшелігі – мұнда сахнада болып жатқан кейіпкерлер арасындағы кикілжіңге органикалық түрде қосылған арнайы кірістірулер болды. Автор рөліндегі Ұ.Болатбек әрбір шынайы сахналарда шындықты бүркемелеуге тырысады. Бірақ, түбінде өз шығармасының авторы болуы да үлкен сұрақ болып қалғанын көреміз. Импровизациялық шешімдер мен актерлердің сахнадағы өмір сүру табиғаты өзгеше өрілген қойылымда сахна құрастырушылар да еркін жүре алады. Спектакль барысында реквизиттер мен декорацияны ауыстыру да сахнаны қараңғылау арқылы жүзеге асырылмайды. Керісінше, сахнадағы процесс жасаушылардың бәрі еркін өмір сүреді. Отандық театр үдерісінде мұндай бағыттағы қойылымдар тек жеке театрларда қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Бүгінде мемлекеттік театрлар да өздерінің кәсіби шеберліктерін танытатын тәжірибелерге көптеп баруы қуантуда. Режиссер Сергей Левицкий өзінің режиссерлік тәжірибесіндегі таңдаулы шығарманы қоюы, өзгеше бағыттарды игеруіндегі жүйелі жұмысы.
Бүгінде театр репертуары балалардан бастап барша көрермендерді тебірентетін адалдық, махаббат, отбасы құндылықтары тақырыптарын терең ашумен ерекшеленеді. Шілде айында көрермендерді осы тақырыпты қамтитын «Қызыл орамалды Шынарым», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Болмаған балалық шақ», «Құлагер», «Енелер мен келіндер», «Қарагөз» сынды қойылымдар күтетін болады. Көрерменнің ыстық ықыласы мен сұранысын сезінгендіктен сүйікті көрермендерімен жиі көрісуге тырысып, театр маусымын ұзартып отыр. Мереке күндері, жаз мезгілі демалыссыз жұмыс жасайтын театрдың еңбегі орасан зор. Ендеше қадірлі көрермендер, Сіздер үшін жалғасатын театр маусымының қызықты қойылымдарынан қапы қалмаңыздар!
Бейбіт ӘЛКЕЕВА