Айнаш КЕРНЕЙ
• 1927–1928 жылдары байларды Қазақстаннан тыс аумаққа жер аудару басталды. Байлардың мүлкін тәркілеу науқанынан кейін айдалғандар саны 6800 адамға жетті. Осы уақытта ұжымдастыру және көшпелі халықты күштеп отырықшы тұрмысқа көшіру басталды.
Қазақ АКСР Орталық комитеті 1930 жылғы 8 қаңтарда өткен сессиясында көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшылыққа көшіру жоспарын талқылады. «М.Г. Сириус 1926 жылдан 1941 жылға дейінгі 15 жылда көшпелілердің 5–5,5%-ы ғана отырықшы тұрмысқа көшуі мүмкін деп есептеді» [113; 233]. Осылайша көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру кезең-кезеңімен және ондаған жыл бойы жүзеге асады деп жоспарланды. «15 жылға жоспарланған бірінші кезеңде 1 млн адамды отырықшы тұрмысқа көшіру керек болды (220 мың шаруашылық – аймақтағы көшпелі халықтың 50%-ы), ол үшін қажет 1 мың елді мекеннің 150-ін жаңадан салатын болды» [103; 127].
Бірақ жоспарды асыра орындауды көздеген Голощекин процесті жеделдетуге кірісті. «1928 жылы бүкіл шаруашылықтың 2%-ы ұжымдастыру нәтижесінде біріксе, 1930 жылдың көктеміне қарай бұл көрсеткіш 50%-ға жетті, ал 1931 жылдың күзінде 65%-ға жуықтады. Отырықшылыққа көшіру шеңберінде мал шаруашылығымен айналысатын қалашықтар пайда болып, ол жерге тұтас ауылдарды көшіріп әкелді. Бір жерге шоғырланған мал жерді тақырлап, мұның соңы қуаңшылыққа алып келді» [72; 285].
Малды күштеп тартып алып, мәжбүрлі түрде ұжымдастыру салдарынан алдымен ірі шаруашылықтар көшіп кетуді бастады да, артынша қарулы қақтығыс бұрқ етті.
Асыра сілтеуге алғашқы қарсылық Семей облысында байқалды. БКП(б) Өлкелік комитетінің бюро отырысында БКП(б) Орталық комитеті комиссиясының баяндамасын талқылау кезінде Семей губерниясындағы астық дайындау мен салық науқаны барысында революциялық тәртіпті бұзу туралы Кисилев: «Мәскеуге Семей губерниясында түсініксіз жағдай болып жатқаны туралы хабар жетті», – деп баяндады [22; 329]. Голощекин шаруашылықтардың үдере көшуіне алашордашылар кінәлі деп тапты: «Қазір бұл істі жан-жақты қарастыру керек. Шекара асып үдере көшу Семей губерниясындағы асыра сілтеумен байланысты деген түсінік қалыптаспауы керек. Менің ойымша, кейінірек оның әсер-ықпалы болуы мүмкін еді, дегенмен о баста бәрі алашордашылардың жаппай үгіт-насихат жүргізуінен басталды. Олар үгіт жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ, әлі де елді үгіттеп жүр, әрі қарай да дәл осы қалыпта жалғастырады. Өйткені олар алашордалықтар ғой» [22; 356].
Әрі қарай Голощекин ойын былайша түйіндеді: «Алашордашылар қарап жатқан жоқ. Енді олар Семейдегі істі даурықтырып, жақтастарының санын арттыруға көшті. Барлық материалдың түйіні біреу: Семейдегі істі кәмпескелеу науқанының жалпы көрінісі ретінде ғана қарастырып қоймай, бүкіл қазақ халқына өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекин кәмпескелеуді бастау арқылы саяси тұрғыда жеңілді дегенді көрсеткісі келіп отыр. Бүкіл жамандыққа мені кінәлі етпек. Мен мұны жоққа шығарамын, мен ғана емес, бүкіл өлкелік партия комитеті жоққа шығарып, қара басының қамы үшін осындай ұсақ тірлікке барып отырған оңбағандарға жауап беріп, өзімізді ақтап алуымыз керек деп санаймын» [22; 367].
Голощекин «алашордашылар мал-мүлікті тартып алып, ортақ қазан жасаудың саяси жағы бар екенін меңзеп, бұл науқанның шаруашылық жағынан ешқандай да тиімді тұсы жоқ, болуы мүмкін де емес деп жазғанын еске алады. Олардың ойынша, бытыраңқы мал шаруашылығы ешқандай пайда әкелмейді. Сол себепті ұжымдастырудың басталған тұсын халықтың наразылығын ояту үшін пайдаланып қалу керек деп санайды. Олар әсіресе шекаралық аудандарда халықты көтеруге тырысады, алашордалықтардың қаңтар айында құрған стратегиялық жоспары осы. ˂…˃ Шекара асу кәмпескелеумен байланысты болса, коммунистер мен комсомолдар қашып кетпес еді, өйткені олар бұл тұрғыда тек пайда көрер еді. Солардың өзі қашып кеткен болса, яғни мұның басқа себебі бар…» [22; 372].
1930 жылы 1 қазанда Алматыда қаланың партия белсенділері алдында сөз сөйлеген Голощекин партия органдарының бұрынғы алашордалықтарға қатысты тактикалық міндеті «оларды жақын тартып, ауыл халқына билік жүргізу үшін пайдалану, соның негізінде Кеңес Одағын құру болғанын» айта келіп, былай деп қосты: «Біз көпшілікке билігімізді жүргізіп, оларды кедейшілікке ұрындырған сайын, таяқтың бір ұшы буржуазиялық ұлтшылдыққа да тиіп жатты, бұл уақытта біз өз мамандарымызды дайындап үлгердік. Енді уақытша одақтастарымыздан бас тартуға болады» [78; 162].
Азамат соғысы, ұжымдастыру, ашаршылық жылдарында кеңес өкіметінің қандай қанды қасапқа барғанын түсінетін және оны ашық айтудан қорықпайтын азаматтардың ізіне түсу басталды. Қазақстанда болған жағдай туралы ашық сұрап, әділет орнатуды талап еткендер, орталықтың қазақ халқын жоюға бағытталған саясатын сынап қана қоймай, соған қарсы күрескендер қуғын-сүргін машинасының құрбаны болып кете барды.
Ұжымдастыру басталып, мал-мүлікті кәмпескелеу жүріп жатқанда, аштық қаупі туып тұрғанына қарамастан, халықты құтқаратын ешкім болмады. Интеллигенция өкілдерін түрмеге қамап, одан қалғанын Қазақстан аумағынан тыс жерге айдауға жіберді. Байлар мен билерді, ру басшылары мен көсемдерін жер аударды, атты. Нәубеттің бетін қайтарып, жағдайды қалыпқа келтіру жолындағы ұсыныс-пікірді билікке жеткізетін адам қалмады. Қазақ даласында қарулы қарсылық бұрқ етті.
***
1920 жылдары модернизация жөніндегі кеңестік жобаны жүзеге асыру кезінде партия қызметкерлері мен ғалымдардың арасында көшпелі аймақтарды дамытуға қатысты пікірталас болды. Ғалымдар табиғаттың жағдайын есепке ала отырып, көшпелі шаруашылықты сақтау тиімді және ойға қонымды жалғыз жол екенін айтып, шаруашылықтың мейлінше тиімді жолын сақтап қалу дұрыс деген ойда болды, тіпті қажет болған күнде де, көшпелі қоғамды біртіндеп қана өзгертуді ұсынды. Ғалымдардың бағалауы бойынша, көшпелі экономика «құнарсыз» деген жердің өзін де өте тиімді екенін көрсеткен.
1926 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстан энциклопедиясына статистика-экономика отрядының жетекшісі болып тағайындалып, «Табиғи, тарихи және тұрмыстық жағдайдағы қазақ шаруашылығы. Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасындағы жерге орналастыру талаптарын бекіту материалдары» деген ұжымдық зерттеу жинағын жарыққа шығарған С.П. Швецов былай дейді: «Су көзі сирек кездесетін және аз жерде, жабайы далада адам тек қана мал шаруашылығымен айналыса алады, ол шаруашылықтың өзі көшпелі болады… Малды мезгіл-мезгілімен көшірудің көзін жоятын болсаңыздар, ол жерде қазақтар ештеңе істей алмайды, өйткені ол жерде басқадай шаруашылық жүргізу мүмкін емес. Олай болса, миллиондаған қазақты асырап отырған жер әншейін шөл далаға айналады… Қазақстанда көшпелі тұрмыстың көзін құрту қазақ шаруашылығының түбіне жетіп қана қоймай, онсыз да сусыз даланы тірі жан жоқ, айдалаға айналдырады» [113; 238]. Ал Е.М. Тимофеев қазақтардың «жусанды дала немесе сораң мен қамыс басқан даланы азық қылып-ақ, жүн, ет және тері алатынына» қайран қалады. Мемлекеттік жоспарлау мекемесінің қазақ бөлімі төрағасының орынбасары Е.А. Полочанский Қазақстандағы жайылымдық алқап 75 миллион бас малға жем-көк бере алатынын айтады (1926 жылы мал басы 26,5 млн еді). Сондықтан да бұл аймақ «мал шаруашылығының бүкіл түрі бойынша Одақтың қажетін өтеуге толықтай қауқарлы» деп саналды [104, 234–235].
1927 жылы жоспарлау органдарының бірінші өлкелік жиналысында Қазақстанның жерге орналастыру халық комиссариатының өкілі К. Сұлтанбеков жаппай отырықшылыққа көшіретіндей, басқа шаруашылық түрімен айналысуға мүмкіндік жоқ екенін ескертті. Көшпелі қазақты отырықшы тұрмысқа көшірудің қауіп-қатері туралы ұлт көшбасшылары мен дін қайраткерлері де айтудай айтты. Олардың қатарында Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов пен Ә. Бөкейханов та болды. Ұлт қайраткерлері көшпелі тұрмысты сақтап қалудың маңызын айта келіп, мұны «туабітті коммунизм» деп санады.
Большевиктер көшпелілерді күштеп отырықшы тұрмысқа көшіру керек деуден танбады. Олардың бар айтатыны: көшпелі өркениет «артта қалған», «мәдениеттен алыс», оны кеңестік жүйе құрамына ендіріп, ел экономикасына интеграциялау мүмкін емес. Өз мақсатынан басқа ештеңе көрмейтін большевиктер ғалымдардың ұсыныстарын да елемеді. Бұл жоспарды орындаудың ақыры 1930 жылдардың басындағы нәубетке – жаппай ашаршылыққа алып келді.
Билік басында отырғандар асығыс шешімнің салдары ауыр болатынын жақсы білді. Бірақ күштеп отырықшы тұрмысқа көшірмек болған биліктің көздегені басқа еді. Ф.Л. Синицын 1920–1930 жылдары едел-жедел модернизация жасаудың себептерін былайша көрсетеді: «империалистік блок» батыс, оңтүстік және шығыс шекара шабуыл жасауы мүмкін деген болжам; 1931 жылы Маньчжурияны жаулап алған Жапония; соғысқа дайындықпен байланысты экономикалық себептер; қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында «көшпелі» аймақтарға елдің еуропалық бөлігінен сенімді әрі кеңес өкіметіне адал адамдарды көшіріп әкелумен байланысты саяси-демографиялық себептер [105; 446–447].
1920 жылдардың соңында көшпелі шаруашылықты сақтап қалу керек екенін айтып, қазақ даласына миллиондаған адамды көшіріп әкелуге қарсы болғандар қуғын-сүргінге ұшырады. Ғалымдарды «кондратьевщина» деп айыптып, «контрреволюционер», «жергілікті ұлтшыл», «зиянкес» деп атады.
1928 жылы КСРО идеологиясына сай келмейді деп жаңа экономикалық саясатты тоқтатты. Большевиктер енді ұжымдастыруды бастады, жаппай ұжымдастыру 1932 жылы аяқталады деген жоспар болды. Бес жылда жолға қойылған экономиканы құрту 1926–1927 жылдары егістік және жайылымдық жерлерді қайта бөлуден басталды. Жағдайы жақсы шаруашылықтардан 1360 мың десятина шабындық пен 1250 мың десятина егістік жерді тартып алып, кедейлерге берді [72; 284]. 1927–1928 жылдары бұл саясат астық дағдарысына әкеп соқты. Не малы, не жер өңдейтін техникасы жоқ кедейлер жерді қайтадан бұрынғы иелеріне қайтарып бере бастады.
Алайда коммунистер байлар мен орта тап өкілдерінен бәрін тартып алу керек деген ойдан арылмай, жерді де, техниканы да, жұмысқа қажет құрал-жабдық пен малды да тартып алып, байлардың өзін тұрғылықты жерінен кетуге мәжбүрледі.
1928 жылы күзде байлардың мүлкін кәмпескелеу науқаны басталды. Ф. Голощекин тап күресіне бел шеше кірісіп, байларға қарсы соғыс бастады. Коммунистер қазақ қоғамын бай мен кедей деп бөлу арқылы олардың арасына жік салуды көздеді. Крепостнойлық құрылыс кезінде ұзақ уақыт бойы қалыптасқан ресейлік помещиктер мен шаруалардың қарым-қатынасын Қазақстанда қайталамақ болып, таразының бір басына байлар мен билерді, ал келесі басына көпшілік халықты қойды. Алайда көшпелі қазақ қоғамы отырықшы қоғамнан ерекшеленетінін ескермеді (оның үстіне олар крепостнойлық жолдан өткен болатын). Отырықшы шаруа мен пролетариат өкілдері тым аз еді, оның үстіне халықтың негізгі бөлігі әлі де көшпелі және жартылай көшпелі тірлік кешіп жатқан болатын. Біріншіден, көшпелі шаруашылық малы көп адамдарға арналған. Аса бай емес, қарапайым малшының өзінің кемінде жүз қой, екі-үш түйе, оншақты жылқысы болатын. Мал басы одан аз болса, көшіп-қонудың қажеті де жоқ еді. Екіншіден, көшпелі қоғам дәстүрді сақтаушы болды, мұндай қоғамда байлар мен билер қанаушы емес, туыстар тобының (ру, ел, ауыл) басшысы есебінде еді. Рудың жері ұжымдық меншікте болды.
Кеңес өкіметі байлардың тап жауы екеніне қазақтарды сендіре алмады, өйткені байлар мен билер олардың жақын туысы еді; олар ауқатты болумен қатар, ауыл-елдің ақсақалы ретінде ағайын-туғанына жауапты болды. Шаруашылық жағдайы, экономикалық мәселелер, көшіп-қону, сот отырыстары, басқа да жауапты шаруа ауыл ақсақалдарының мойнында еді.
Интеллигенция өкілдерінің қазақтың құқын қорғауы жолында да байлар мен билер көп қолдау жасады, мектептер ашты, кітап және газет шығаруға ақша берді, газет редакторларына салынған айыппұлды төледі, қамауға алынған ұлт көшбасшыларын босатып алу үшін ақша төлеп, кепіл болды. Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде «Алаштың ауқатты адамдарына» үндеу тастап, басылымды шығаруға көмек сұрағанда, бірінші болып көмек көрсеткен де байлар еді. Байлардың университетте оқитын қазақ студенттеріне демеуші болуы өлшеусіз көмек болды.
Туыс болып келетін байлар мен қарапайым көшпелі халықтың арасына жік салудың мүмкін емес екенін түсінген коммунистер байлар мен билердің көзін жойды. Осылайша, руларды көсемінен айырды.
Редакциядан: Қазақ халқы 1920-40 жылдары бастан кешкен саяси қуғын-сүргін тақырыбы қоғамға танымал публицист-ғалым Айнаш Керней (Мустояпова) жуықта жарыққа шығарған «Ұлт көшбасшылары» тарихи-биографиялық кітабында жан-жақты және қарапайым тілде қамтылған.
«ДАТ»