Басты бет » Жаңалықтар » КЕЛЕШЕККЕ КЕРЕК КӘСІП

КЕЛЕШЕККЕ КЕРЕК КӘСІП

Ауылда өскен бізге ата-анамыз мұғалім, дәрігер, зоотехник, агроном бол дейтін. Қала балаларының инженер, құрылысшы-прораб, заңгер, есепші-экономистік мамандыққа құштар болып келетінін де байқадық. Ал бүгінгі балалар модель, футболшы, робот құрастырушы, банкир мамандықтарын қалайды екен. Бүгінгі балалар шет тілдерін, оның ішінде ағылшын, қытай тілдерін меңгерсе, сонымен бірге математика, физика, химия сияқты дәл ғылымдарға ден қойса, болашаққа керек маман болатынын жасынан түсініп өседі. Біздіңше, осының өзі жетістікке жасалған алғашқы қадам.

Сурет: https://aqmeshit-aptalygy.kz/

КВАДРОКОПТЕР  ҒАСЫРЫ

Ғалымдардың айтуынша, болашақта біздің түсімізге де кірмеген мамандықтар сұранысқа ие болмақ. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек. Мысалы, шағын ұшақтар секілді дрондар қазірдің өзінде қолданысқа шықты, арнайы мәліметтерге қарағанда, АҚШ-тың Флорида штатындағы Swamp Works корпорациясының инженерлері NASA тапсырысымен квадрокоптер жасап, алғашқы қарылғаштарын қолданысқа шығарыпты. Жаңа аппарат өзге ғаламшарлардан пайдалы қазбаларды іздейді. Марк Цукербергтің айтуынша, көп ұзамай интернетті дрондар арқылы қосып, енді интернет-дүкендер тауарларды әуемен тасымалдайтын болады, келешекте осы ұшқышсыз әуе аппараттарының операторлары жоғары сұранысқа ие болады екен.

Сурет: https://mcgrp.ru/

«Ақылды қаланың» сәулетшісі – қала салу кезінде смарт-технология дамуын есепке алып, қаланың инфрақұрылымының сәйкес келуін жүзеге асыратын маман. Смарт-жүйені өлшеуші маман – пәтерлердің «ақылды» бола түсуі үшін өте қажет болмақ. Смарт-жүйе сәулетшісі де – эко-технология, жасыл қаланы жобалайды. Ал баламалы валюталардың маманы тіпті қадірлі болатын сияқты. Себебі болашақта банкирлер дәл бүгінгідей қажет болмай қалуы мүмкін екен де, халық дәл бүгінгідей доллардың курсына елеңдемей, биткойн секілді баламалы валюталардың рөлі жоғарылайды.

E-commerce саласының менеджері деген кім? Келешекте ритейл-дүкендер ғимараттардан шығып, он-лайн-режимге көшетін болады. Сатудың неше түрлі амалдары мен құралдары дамиды, сол кезде интернет-бизнесті басқарып отыратын сарапшы. Одан бөлек, ұсыныстар мен ақпараттық қормен қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін қадағалайтын кеңесші, жеке цифрлы куратор, күн сайын денсаулығыңызды бақылауда ұстап отыратын арнайы маман, ұйымдағы не мекемедегі ахуалды реттейтін дезорганизатор, қалаларда көп қабатты ғимараттарда, жер астында өсімдік өсіру, бау-бақша баптауда кеңес беретін микро-фермер…

БІЗ ЕСТІМЕГЕН КӘСІП

Мамандардың айтуынша, болашақта 3D-принтерге басылған киімдер дизайнерін жұмысқа қуана қабылдайтын болады. Бұрын бұл сәнге айналған эксперимент болса, енді Милан мен Нью-Йоркте үнемі қолданысты көрінеді,

Сурет: 3dreams.com.ua

«Естімеген елде көп» деген, қайтыс болған адамның әлеуметтік желідегі беттерін жүргізуші (Digital death manager) деген де болады екен. Демек, оған да қажеттілік туатын болып тұр ғой. Өміріңіздің әр күнін толық құжаттап, ақпараттармен танысып, оны тиімді пайдалануға күш салатын жеке жылнамашы (Personal life log archivist); Kickstarter мен Indigogo сайттарында көпшілікке қоғамдық маңызы бар жобаларды ұсына отырып, қаражат жинақтайтын краудфандинг жөніндегі маман (Crowdfunding specialist); қажетті диета ұсынып, күнделікті және спорттық белсенділігіңізді қадағалайтын қызметтік тренер (Quantified self personal trainer); оқушылар мен студенттердің өмірін қызықты ұйымдастыру үшін жұмыстанатын лайфхакинг жөніндегі кеңесші (Hackschooling counselor); баспанаңызда жайлылық орнатушы (Privacy consultant); сонымен бірге өз құзырыңыздағы видеограф (Vicarious videographer) деп аталатын мамандықтар да болады екен. Әрине, мұның бәрі келешектің үлесінде. Ал біз үшін бүгінгі күн маңызды. Айталық, қазірдің өзінде миы тәп-тәуір жұмыс жасайтын адам үшін үйден шықпай-ық, ертемен тұрып қаланың екінші шетіндегі кеңсеге бармай-ық керек маман ретінде қызмет етіп, ақша табудың неше түрлі тәсілдері бар екен. Тек ерінбесең, өзіңді жетілдіріп отыруға ынталы болсаң болды.

АДАМ ЖАНЫ ҚАЛАЙТЫН ІСІМЕН АЙНАЛЫССА, ТАБЫСҚА ЖЕТЕДІ

Өйткені қанша жерден табыс әкелсе де, көңілі сүймеген, жаны қаламайтын іс адамды шаршатып, қажытып жібереді дейді психологтар. Әр адамның бір нәрсеге қабілеті бар. Біреу гитараны жақсы ойнайды, біреу қысқа метражды фильмдерге сценарий жазады дегендей. Осы саланы зерттеуші арнайы мамандардың пайымдауынша, кез келген білімді сатуға болады екен. Ол үшін өз сайтыңды ашып, оны пайдалы ақпараттармен толықтырып отыру қажет. Бизнес ұйымының екінші шарты – сапалы курстар ашу. Бұл видео курс бола ма, электронды кітап та, оқу курсының тақырыбына байланысты таңдалады. Іс жүзінде кез келген ақпарат өз сатып алушысын табады. Әсіресе, ашық түрде қол жеткізуге қиын ақпараттар болса тіпті жақсы. Өз бетінше жасаған оқу құралы 50-ден 700 долларға дейін пайда әкеледі.

Сурет: livemaster.by

Бүгінгі тілмен айтқанда копирайтинг, рерайтинг деп аталатын қызметке сұраныс өскен көрінеді. Әрине, бастапқы кезеңдерде айтарлықтай табыс табу оңай емес. Тек копирайтинг деңгейінде қалып қоймай, кейін блок жүргізіп, белгілі бір тақырыпқа байланысты авторлық курс жүргізу, реферат, курстық жұмыстар мен дипломдық жұмыстар жазуға да болады. Кейінге ысырып, студенттік жұмыс тапсыратын мерзім келгенде әбігерге түсетін жалқау студенттер қай уақытта да табылады. Ол үшін, әрине, тақырыпты тани білу керек. Сонымен бірге делдал арқылы жұмыс істеудің қажеті жоқ. Тапсырыс берушімен тікелей байланыс орнату екі жаққа да тиімді. Ең бастысы – тапсырыс беруші риза болуға тиіс. Ақпаратты сараптай білу, ЖОО-лардағы соңғы талаптарды білу, жұмысты безендіру, құрылымына қатысты талаптармен таныс болу шарт. Сонымен бірге бөлме өсімдіктерін өсірумен айналысу да – өнер. Бөлме өсімдіктері қымбат тұрады, оның үстіне соңғы кездері бөлмені, жұмыс кабинетін осындай өсімдіктермен безендіру сәнге айналды. Одан бөлек, қолөнер бұйымдарын тоқу, тігу, үй жағдайында мерекелік торттар дайындау да табыс әкелмек.

Он-лайн ойындар арқылы табыс табуға болады. Бұған алдын ала қаражат салудың қажеті жоқ. Бұл компьютер ойындарына құмар адамдардың жаны сүйетін ісі болар еді. Әрі ойын ойнайды, әрі пайда табады. Арнайы мамандардың айтуынша, мұның ішіне персонажды сату кіреді, ол үшін World Of Tanks, WoW, Lineage II, Arena Ultra, RF Onlaine ойыншықтарын таңдау керек. 80 деңгейдегі персонажды 500 шартты бірлікке сатады екен. Бірақ жаңадан келгендерге тер төгуге тура келеді. Талап етілген деңгейге жеткенше көп отыру керек болады.

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ӨЗ ҚАБІЛЕТТЕРІНЕ САЙ КӘСІП ҚЫЛЫП, АДАЛ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІН ЖЕП ЖҮРГЕНДЕР АЗ ЕМЕСТІГІН КӨРІП ЖҮРМІЗ. БҮГІНГІНІҢ АДАМЫ ЖАҢА ШЫҚҚАН ЖАҚСЫНЫ МҮМКІНДІГІНШЕ МЕҢГЕРІП, ӨЗІНЕ, СОНЫМЕН БІРГЕ АЙНАЛАСЫНА ПАЙДАСЫН ТИГІЗІП ОТЫРСА, ҚАНДАЙ ҒАНИБЕТ.

Дайындаған  Ж.Ғазиз

«ТҰМАР»  журналы