Алтын, күміс жауған жерден де
Туып-өскен ел артық.
Аспандағы бұлтқа қарама,
Жердегі жұртқа қара.
Айырылған ел азады,
Қосылған ел озады.
Айырылған болсаң еліңнен,
Қуатың кетер беліңнен.
Айырылсаң үйіріңнен,
Қолың кетпес бүйіріңнен.
Адассаң, еліңмен адас.
Аз болды деп күйінбе, мая болса, қайтесің,
Көп болды деп қуанба, зая болса, қайтесің.
Аздың атасы бір,
Көптің батасы бір.
Аздың азаншысы болғанша,
Көптің қазаншысы бол.
Айдап салдан аз өлді,
Көре келден көп өлді.
Аздың ашпыз дегеніне нанба,
Көптің тоқпыз дегеніне нанба.
Азды көпке қосқан сауап.
Ағайын бар болсаң, көре алмайды,
Жоқ болсаң, бере алмайды.
Ағайынның аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
Айырылмас қоңсыға ауыр сөз айтпа.
Ақылды көршің—саяң,
Ақымақ көрші—шаян.
Ақылды көрші—төрің.
Ақымақ көрші—көрің.
Ақылға байлық—тозбас байлық.
Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың,
Ақылсыз басшың болса, елдің азы боларсың.
Ақылы асса, аға тұт,
Әкімшілігі асса, пана тұт.
Ақбөкенді жатыр деме,
Көшпелі елді отыр деме.
Алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық.
Аларманға алтау аз,
Берерменге бесеу көп.
Алдияр «алдияр» десең, далияр.
Атаным сай, атым сай, қашсам, жаудан кетермін.
Кетпенім сай, шотым сай, қазсам, суға жетермін.
Алып, алтау жеп, жетеу болмайсың.
Алпыс күн аспанға қарағанша,
Алты көш те, айдын көлге жет.
Аңдысқан ауыл болмас,
Ерегескен ел болмас.
Арлы болмай, абыройлы болмайсың.
Артық байлық аздырар,
Артық күлкі тоздырар.
Арғымақ аттың баласы
Аз оттап, көп жусайды,
Азамат ердің баласы
Аз сөйлеп, көп тыңдайды.
Аспаннан киіз жауса да,
Құлға ұлтарақ тимейді.
Ат айналып қазығын табар,
Ер айналып елін табар.
Атасыз үй—батасыз,
Анасыз үй—панасыз.
Атасыздан би қойсаң, дәметпестен дәметер.
Атадан алтау тусаң да,
Басыңа түсер жалғыздық.
Атадан бата алмай, үй болмас,
Ордадан үлгі алмай, би болмас.
Атаңның құлы айтса да,
Әділдікке басыңды и.
Атсыз үй болса да,
Ассыз үй болмайды.
Аспаннан шұға жауса да,
сорлыға ұлтарақ тимейді.
Аштың ақылы—тамағында,
Жаяудың ақылы—табанында.
Аш адам ұрысқақ, арық адам тырысқақ.
Ашыққан—ұры, ашынған шешен болады.
Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала ешнәрсені ойламайды.
Аш құлақтан—тыныш құлақ.
Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін.
Ауылыңнан алғыр шықса, атың озады,
Ауылыңнан жаман шықса, елің тозады.
Ауыл болсаң, қауым бол.
Ауылы араластың қойы қоралас.
Ауылдасың жақсы болса,
Ағайының не керек!
Алған жарың жаксы болса,
Айт пен тойың не керек!
Ауылы қарайластың шаруасы орайлас.
Аузыңды бақсаң, би боларсың,
Малыңды бақсаң, бай боларсың.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.
Әділ патша гүлстанға ұқсайды,
Залым патша зымыстанға ұқсайды.
Әділ би халқы үшін,
Залым би құлқыны үшін.
Әділетсіз болса, би оңбас,
Әйелсіз болса, үй оңбас.
Әдепсіз үйге кірме,
Әкімсіз елде тұрма.
Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді.
Әкімнің көңілінде болсаң да,
Көзінде болма.
Әр ханның тұсында бір сұрқылтай.
Әр елдің заңы басқа,
Иттері қара қасқа.
Әулекі би ат үстінен билік айтар.
Байдың қатыны өлсе, төсегі жаңғырар,
Кедейдің қатыны өлсе, басы қаңғырар.
Байлық неге керек, адалдан мал жимасаң,
Билік неге керек, әділ билік құрмасаң.
Бейбітшілік — өмір тынысы,
Байлық — ел ырысы.
Байлық мұрат емес,
Жарлылық ұят емес.
Бай мен жарлы көрде теңеседі.
Байдың жаманы — қарау,
Жарлының жаманы — жалқау.
Бай кедейленсе де, мақтанғанын қоймас.
Баймын деп саспа, бимін деп таспа.
Бай малына сыйынады,
Кедей Тәңіріне сыйынады.
Бай байға құяды,
Сай сайға құяды.
Бай барын бермес,
Жоқ қарап тұрмас.
Бай — бір жұттық,
Батыр — бір оқтық.
Бай болып көргенім жоқ,
Жарлы болып өлгенім жоқ.