Басты бет » Жаңалықтар » ТАҚИЯНЫ КІМ КИЕДІ?

ТАҚИЯНЫ КІМ КИЕДІ?

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
тарихшы, этнолог
Наурыз келе жатыр, ұлттық киім киюдің өз жөні бар екенін ұмытпайықшы?
Ұлттық құндылығымызды өз жөнімен, тәртібімен дәріптеуге атсалысайық!
Бүгінде тақия трендке айналған. Қуантарлық жағдай!
Дегенмен қатты айтсам, кешіріңіздер, “қазақша киінудің жөні осы екен” деп
тақияны күйеуге шыққан, баласы бар келіншектер мен 50-60 сары қарын қатындар мен әжелер киіп алған бүгінде.
Әр нәрсенің өз орны бар.
Тақияны сарықарын әйелдер емес, бүлдіршін қыздар, мен тұрмысқа шықпаған бойжеткен қыздар кигенін ұмытпайықшы!
Қыз киетін тақияны киген апамызды жастарымыз қалай апа, әже деп қабылдайды? Екі жақты стандарт болып кетпей ме?
Жастар мұны түсінбейді.
Бір кездесуге барғанда бойжеткендер қыздарымыз “апай, қазір апалар да, әжелер де қыз сияқты тақия киеді” деп айтқан еді.
Ау, апалар, әжелер, замандастарым, бойжеткендермен жарысып, қанша тақия кисек те, енді қыз болмаймыз, қанша көңіліміз жас болса, ұрпаққа өнегені өзіміз көрсетейік.
Қанша “қысылсақ та қыз болмаймыз” енді.
Өзіміз тақия киіп жүрсек, түскен келінге “орамал ора” деп қалай айтамыз?
Қазағымдай дана халық жоқ.
Әр жас мөлшеріне сай киім киген.
Соған орай, киіміне қарап, жасын, тұрмысқа шыққан-шықпағанын, елін, руын таныған.
Қазақ қызы, әйелі ешқашан жалаңбас жүрмеген.
Әйел затының әр кезеңіне сай бас киімі болған.
Бүгінде «қыз кисе де, келіншек кисе де бәрібір емес пе, әйтеуір ұлттық киімімізді дәріптесек болды емес пе?»,-деген қасаң пікірлерді жиі естіп жатамын.
Қазақ бас киіміне қарап, қай тапқа, қай руға жататындығын және әйел затының тұрмысқа шықпаған қыз, келіншек екенін бірден таныған.
Қазақ қызы 3-18 жас аралығында
яғни, бойжеткенше үкілі тақия киген.
Бес жасқа толғанда құлағын тесіп, сырға тағып, шашын өріп, шолпы таққан.
Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт тәрізді матадан сырып тігілген.
Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін тақия асқан ұқыптылықпен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен әшекейленген.
Үкілі тақия – қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім болған.
Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген.
Бөрікті ерлер де киеді, бірақ, қыздар бөркінің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат матамен тысталып тігіледі, жиегі бағалы аң және мал терілерімен көмкеріледі.
Сонымен, тарихқа үңілсек, тақия қыздар киетін бас киім.
Қыз ұзатылғанда басына сәукеле кигізген.
Ол ұзатылатын қыздың сұлулығы мен салтанатын, байлығы мен бағасын асыра түседі.
Мәселен, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпей: «19-ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Сержан төре 500 байталға бағалаған» деген деректі алға тартады.
Бұдан кейін әйел затының жас ерекшелігінде қарай бас киімі өзгеріп отырған.
Мәселен, келін өзге шаңырақтың босағасын аттаған соң, оған жаулық салып, еншілейді.
Яғни, орамал– тұрмысқа шыққандықтың белгісі.
Салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген.
Кимешек кию – ана болғанның белгісі. Кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұрады.
Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім.
Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына түсіп кетеді деп ырымдаған.
Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген.
Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу оның күйеуі бар екенін білдірген
Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап тағатын болған.
Әйел заты бір кезеңнен екінші кезеңге өтіп, бас киім ауыстырарда қазақы жолмен кішігірім той жасалған.
Мәселен, қыз өз үйінен ұзатыларда шешесі қызының басындағы үкілі тақиясын алып сәукелені өз қолымен кигізіп, ақ батасын беріп аттандырған.
Өзге шаңыраққа келін боп түсерде арнайы беташар жасалып, бөртпе немесе жібек жаулық салған.
Ал сәбиі дүниеге келгенде абысын-ажындары жиналып, ауылдың сыйлы, ақ кимешекті әжесіне ырымдап кимешегін кигізген.
Кейін әйел жасына қарай әртүрлі кимешек кие бастаған, онда да шағын той жасалып, жақсы тілектер айтылған.
Үйленетін жастағы жігіттер қыздардың басына қарап сөз салуға болатын-болмайтынын аңғарған.
Мәселен, басына тақия, бөрік киген қыз көрсе, бойжеткеннің басы бос екенін сезген, ұнатып жатса жаушы жіберіп, үлкендер арқылы құдалық жолын сөйлескен.
Осылайша ұлттық киімдерімізді киюдің де өзіндік сыры, жолы, мән-мағынасы болған.
Бүгінде кішкентай қыз, бойжеткен киетін тақияны тұрмысқа шыққан не балалы келіншектердің, тіпті сарықарын әйелдердің киіп жүргенін көріп жатамыз.
Ұлттық бас киімді араптың хиджабының сыртынан киіп алатындар да бар.
Ұлттық киімімізді өз орнымен, жасына сай кисе екен дейміз