Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні. Еліміздің өңір-өңірінде мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен амандасып, қол алысып, әр отбасында мерекелік дастархан жайылып, қонаққа келгендер нан мен ақтан дәм татады.
Ежелден Қазақстанның батыс өңірінде сақталып, тойланып келе жатқан Амал мерекесі бүгінде барша еліміздің ортақ мерекесіне айналды.. Яғни, әз Наурыз 14 наурызда Көрісу мерекесін, кей жерлерде Амал мерекесін тойлаудан басталады.
Ал бұл мереке қалай тойланады? Қандай салт-жоралғылар жасалады?
Көрісу айтта жастар жасы үлкен көршілерінің, ағайын-туыстарының үйіне барып көріседі. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.
Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек.
Адамдар үйін тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды.
14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады.
Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады.
Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарханынан дәм алып кетеді.
Адамдар жаңа не таза киім киеді.
Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады.
Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарханға шақырады.
Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады.
Көрісу күнінің рәсімі бойынша, ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп, көріседі.
Бұл күні ренжіскен адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-реніштерін ұмытып, мерекені жарқын жүзбен қарсы алуы тиіс.