Басты бет » Жаңалықтар » ЖОЛДАУ: Балаларды балабақшамен қамту мәселесі түпкілікті шешілмек

ЖОЛДАУ: Балаларды балабақшамен қамту мәселесі түпкілікті шешілмек

Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің бірі – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.

— Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек, — деді Президент. — Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн.

Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет.

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.