«Сенің әлпетіңді есте сақтап қалғым келеді, о дүниеде жолықтыра қалсам, сені танып, тағы да алғыс айтқым келеді».
Бірде радиожүргізуші нигериялық миллиардер Феми Отедолаға сұрақ қояды. «Мырза, өміріңіздегі ең бақытты сәтті еске түсіре аласыз ба?»
Феми оған:
«Мен бақытты танудың төрт деңгейінен өттім. Ақырғы деңгейде бақыттың не екенін ұқтым» деп жауап беріпті.
— Бірінші деңгейде бақытты табыс табу мен баю деп ұққан едім. Бірақ өзім армандаған бақытты одан таппадым.
Сосын құндылық пен ерекше дүниелер жидым. Бірақ жылтырауық дүниенің де құны уақытша екенін түсіндім. Ол да адамды бақытқа бөлемейді екен.
Үшінші деңгейде ауқымды жобалар кезеңі болды. Күллі Нигерия мен тұтас Африкаға жеткізілетін дизель жанармайының 95% менің үлесіме тиді. Африка мен Азиядағы ең ірі кеме саудагері атандым. Бірақ армандаған бақытты сол күйі таппадым.
Төртінші деңгейде бір досым мүгедек балаларға арналған арба сатып әперуімді өтінді. Шамамен екі жүздей бала. Мен тізім бойынша алдым. Бірақ досым өзің ұсынсаң дұрыс болар еді деп, мені сол балалардың ортасына жетектеп ертіп апарды. Арбаларын үлестіргенде балалардың қандай бақытты болғанын көрдім. Жүздері балбұл жанып, риза қалыптарында арбаға отырып, оны ары-бері жүргізіп, тексергендерін көрдім. Қуаныштарында шек болмады. Құдды бір джекпот ұтып алған адам сияқты.
Осындай көріністі көргенде кеудемді ерекше бір қуаныш кернеді. Кетейін деп жатқанымда бір бала аяғыма жармаса кетті. Аяғымды босатып алмақшы едім, көзіне көзім түсті. Бетіме тура қарап тұр. «Саған не керек?» деп баладан сұрадым. Баланың жауабы мені қатты толқытты. Сол кезден бастап өмірім түбегейлі өзгерді десем болады. Бала маған: «Сенің әлпетіңді есте сақтап қалғым келеді, о дүниеде жолықтыра қалсам, сені танып, тағы да алғыс айтқым келеді» деді.
Кеңседен кеткен кезде, жұмыс орнын ауыстырған кезде ел-жұрт сізді кім деп есінде сақтап қалады? Сізді қайта көргеніне қуанышты болатын адам бар ма? Сізді көрудің маңызы бола ма? Мені осы сұрақтар ойлантатын болды.
Аударған Шынар Әбілда