Басты бет » Жаңалықтар » ЕЛ РУХЫ РӘМІЗДЕРМЕН АСҚАҚ!

ЕЛ РУХЫ РӘМІЗДЕРМЕН АСҚАҚ!

 Әр ұлт, әр халық үшін елінің егемендігінен, еркіндігінен асқан құндылық жоқ. Ал тәуелсіз мемлекеттің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін айқындайтын, әлемге танытатын елдік белгілері екені белгілі. Олар – Мемлекеттік рәміздер. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. 

Сурет: elitar.kz

ТҰҒЫРЫ БИІК НЫШАНДАР

 1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік рәміздерді бекітті.

Мемлекеттік Әнұран – ел азаматтарының ең бір қастерлі құндылықтарының бірі. Әнұран орындалғанда бойға жігер беріп, кеудеңде мақтаныш сезімін ұялайды. Әнұран авторлары – сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Музыкасын жазған – Шәмші Қалдаяқов.

Президент қызметке кіріскен кезде – ол ант бергеннен кейін, Парламент сессияларының ашылуы және жабылуында, ұлттық және мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің, ескерткіштер мен монументтердің салтанатты ашылуы кезінде, теледидар және радио хабарларын таратуды жүзеге асырушы бұқаралық ақпарат құралдары эфирге шыққанда, спорттық іс-шараларда Мемлекеттік Ту көтерілген шақта қастерлі Әнұранымыз орындалады. Қазақстан азаматтары оң қолын жүрек тұсына қойып, оны орнынан тұрып айтады.  Әнұранымыздың мәтіні рухты, әуені асқақ.

Мемлекеттік Тудың көгілдір түсі, көкте қалықтаған қыранның бейнесі, жарқыраған, шуағын шашқан күн сәулесі, тігінен салынған ою-өрнектер әр жанның ұлттық сана-сезімін асқақтатып, рухын биіктетеді. Күн – жарқын болашақтың, молшылық пен аманшылықтың, бейбітшіліктің белгісі. Көкте самғаған қыран – асқақтық пен зеректікті білдіреді. Азаттыққа, тәуелсіздікке, биік мақсаттарға, кемел келешекке ұмтылудың белгісі. Қазаққы ою ұлттық ерекшелігімізді білдіретін ерекше символ ретінде бейнеленген. Тудың авторы – Шәкен Ниязбековтың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсті. Жоғары Кеңесте талқыланып, жеңіп шықты. Сөйтіп, көк байрағымыз көк аспанда қалықтап, биік тұғырда желбіреп тұр. Көкпен астасқан көк Туымызды көргенде бойға ерекше қуат пен күш-жігер береді. Жүректі мақтаныш кернейді.

Тұрар Шәкен, этнолог, тарихшы, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру орталығының жетекшісі:

– Рәміздеріміз – мақтанышымыз! Елі жоқ, жері жоқ, өз туы жоқ, рәміздері жоқ ұлттар аз емес. Айдың күннің аманында тілінен, ділінен, жерінен айырылып жатқан ұлт қаншама?!

Тәуелсіз елі, рухты, батыр бабаларымыз аманаттап кеткен өз жері, тілі, ұлттық құндылығы, өзімізге ғана тиесілі төл рәміздеріміз бар біз бақыттымыз!

Осыны көзінің қарашығындай қорғап, сақтап, бізге аманаттап кеткен бабаларға қалай риза болмайсың?! Тек сол ұлы бабалар аманатына өз қолымызбен қиянат жасамасақ екен.

Бақытымыз ұзағынан болсын десек, бейбіт аспан астында көк туымыз желбіреп, ана тіліміз тұғырына қонып, ұрпағымыз тілін, ділін, қазақы құндылығын құметтейтін ел болайық! Елін, жерін, тілін сүйетін, рәміздерін мақтан ететін, елімізде ғана емес, әлем аспанында көк туымызды желбірететін, Қазақ елін төрткүл дүниеге паш ететін жастарымыз көп болсын! – деген тілегін жеткізді.

Ал Мемлекеттік Елтаңбамыздың да символикалық кескіні өте терең, аса мағыналы. Елтаңбаның ортасындағы Шаңырақ бейнесі – қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Қазақта шаңырақтың мазмұны терең, мағынасы кең. Қара шаңырақ – ғасырлар бойы ата-бабалардан келе жатқан қазақтың басты қонысы. «Шаңырағың биік болсын!», «Шаңырағың шайқалмасын!» сынды мағыналы тілектер қазақтың шаңырақты қаншалықты қадірлейтінін аңғартса керек. Ал бүгінде бір шаңырақ астында 100-ден аса ұлт пен ұлыстың тату-тәтті ғұмыр кешуі – Қазақ елі татулық пен достықтың құтты мекені екенін дәлелдей түседі. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Ол еркіндікті, биік мақсаттарды ерекше сипаттап тұр. Елтаңбаның жоғары жағында тұрған жұлдыздың бейнесінде де кең ұғым, үлкен мағына бар. Қазақта «Жұлдызың жансын!», «Жұлдызың жарық болсын!». «Жұлдызың жарқырасын!» деген жақсы бата-тілектердің де барын білеміз. Осындай мән мен мағынаға толы асқақ Елтаңбамызды өмірге әкелген авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов.

«Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылтайшысы, жас ғалым Заңғар Кәрімхан:

– Елтаңба авторы, арамыздағы аңыз адам Жандарбек аға Мәлібекұлымен әңгімелескенімізде әлемдегі ең мағыналы елтаңба бізде екенін айттық. Ол кісі мұнда қазақтың әрбір азаматы көрініс тапқан деді. Мен бұған сенемін.

Елтаңбамызда ерекше бір сиқыр бар. Байырғы архетиптік түсінігіміз, дүниетанымымыз, бай тарихымыз, философиямыз, өткен тағдырымыз, ғажайып асқақ рухымыз, келешектегі арман-аңсар, үмітіміз түгел қамтылған.

Елтаңба – елдіктің белгісі. Елдігі жоқ, елтаңбасы жоқ елдер қаншама. Әлемдегі рейтинг бойынша елтаңбамыз 9-орын алады екен. Бұл – бізге бұйырған бақ, – дейді.

Міне, елдігімізді асқақтатар, намысымызды қамшылап, асқақ рух сыйлайтын Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлей болашаққа бет алып, өркендеп-өсе берейік!

 

ЕЛТАҢБАНЫ  ТУДЫРҒАН  СӘУЛЕТШІ

Елдігіміздің символы – Мемлекеттік рәміздер туралы сөз қозғағанда, оны өмірге әкелген авторлары туралы айтпай кетуге болмас. Мемлекеттік рәміздерге биыл 30 жыл толса, құндылықтарымыздың бірі – Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы мерейлі 80 жасқа толды.

Осы орайда біз жүйрік қиял иесі, талантты сәулетші Жандарбек Мәлібеков туралы аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия», «Дипломат жазбалары» сынды бірнеше еңбек жазған елімізге танымал дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының кітаптарының жарық көруіне ықпал жасап, редакторлық жұмыс атқардым. Сол кезде Сайлау ағамыз Жандарбек Мәлібекұлының Атажұртқа оралуы жайлы өз аузынан естіген әңгімесін бүгінгі мақалаға арқау еткенді жөн көрдім.

Cурет: qazaq.tv

1993 жыл. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде енді ғана әлем картасында өз орнын алып, дамуға бет түзеген шағы. Кеңес кезеңінен түрлі елдерде дипломатиялық қызметтер атқарған білікті де тәжірибелі дипломат Сайлау Батырша-ұлы сол жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол екі мемлекеттің жақындасуына ықпал жасады. Сайлау ағамыз сол сәттерді былайша еске алады:

– Жалпы, Өзбекстанда 2,5 миллиондай қазақ тұратын. Сол кезде екі ел де Азаматтық туралы заң қабылданса да, өздерінің ұлттық паспорттарын әлі шығармағандықтан, ескі үлгідегі СССР паспортын пайдаланды. Қазақстанда туылып, оқу, жұмыс және басқа жағдайымен Өзбекстанға барған қазақтарға Елшілік Қазақстан Республикасы азаматтығын беріп, көп адамдардың Отанына оралуларына жағдай жасады.

Мен Өзбек еліндегі қазақ зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болдым. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков туралы айтып берейін. Ол Қызылорда облысында туған, Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтын өте үздік бітіреді. Жас түлек сонда қызметке қалдырылады. Сөйтіп, Өзбекстан Республикасының азаматығын алады. Өзбектердің бір ұтымды саясаты – басқа ұлттың талантты адамдарын өзіне тартып, сол жерде еңбек етуіне жағдай жасайды. Жәкең Ташкентте архитектура саласында жемісті қызмет етіп, архитектура шеберханасын басқарды, – дейді Сайлау Батырша-ұлы.

Сайлау ағамыз Ташкентте Елші болып жүргенде Қазақстанның Елтаңбасын Өзбекстанның азаматы Жандарбек Мәлібеков жасап берді деп өзбектер үнемі жария етіп жүріпті. Дипломаттар арасында «Елтаңбаңызды жасауға Республикада бір қазақ табылмады ма?» деп кейіпкерімізге талай рет әңгіме айтқандар да болған екен.

Дипломатияның екі ел арасындағы құзырына саясат, экономика, сауда байланыстарымен қоса, шетелдегі қазақ диаспорасына жәрдем беру де кіреді. Сол себепті ол «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңына сәйкес, өз шешімі мен Жандарбек Мәлібековке Қазақстан азаматтығын береді. Оған оның Қызылорда облысында туылғаны, ұлтының қазақ екені негіз болыпты. «Қазақстан Республикасының азаматы» деген паспортқа Елші Сайлау Батырша-ұлы өз қолымен штамп басып, Елшінің мөрін соғып, қол қойып береді. Сөйтіп, дипломаттың қайсарлығы мен қандасына деген жанашырлығы Елтаңба авторының өз отанына оралуына тікелей себепкер болды. Бұл іс-әрекетке Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Елшіге наразылық білдіреді. Сонымен қатар, өз отандастарымыз тарапынан да қырын қарағандар табылыпты.

– Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны, Туы және Елтаңбасының авторлары өз азаматтарымыз болуы тиіс. Сондықтан да мен «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы заңына сәйкес Жандарбек Мәлібековті Қазақстанның азаматтығына қабылдау туралы шешім қабылдадым. Жоғарыда айтылған заңда «Қазақстанда туып-өскен азаматтар басқа республикаларда қызмет істеп жүрсе, шетелде оқудағы студенттер және әскери борышын атқарып жүрген адамдар Қазақстан азаматтығын алуға толық құқылы» деп жазылған. Шетелдегі Қазақстан Елшілеріне мұндай шешім қабылдау құқығы берілген. Сөйтіп, жұртшылыққа жақсы таныс сәулетші, Қазақстан Республика Елтаңбасын жасаған қазақ азаматы Жандарбек Мәлібекұлы өз еліне оралды, – дейді дипломат.

Елтаңба авторы Елші Сайлау Батырша-ұлының осы еңбегі мен батыл шешімінің арқасында Қазақстан азаматтығын алып, Атажұртқа қоныс аударуына мүмкіндік туғанын ерекше еске алады. Осындай ұлтшыл тұлға болмағанда ол өзінің Өзбекстанда қалуы мүмкін екенін де айтады. Бүгінде сәулетші ағамыз Еуразия ұлттық университетінің рофессоры, «Құрмет» және І дәрежелі   «Барыс» ордендерінің иегері.

Міне, күрделі шешімдер қабылдап, қандастарымыздың еліне оралуына ықпал жасаған дипломат Сайлау Батырша-ұлының елеулі еңбегінің арқасында қазақтың біртуар ұлы, талантты сәулетші туған халқымен қайта қауышты.

Венера Мұратқызы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Астана қаласы