Басты бет » Жаңалықтар » Электронды шылымға әуестік артып барады

Электронды шылымға әуестік артып барады

Сурет: https://azattyq-ruhy.kz/

“Денсаулық зор байлық” дейді дана халқымыз. Расында да, бұл дүниеде ақшаға сатып ала алмайтын, еш нәрсеге айырбастай алмайтын бір ғана нәрсе – денсаулық. Осы тұрғыда, Бейсен Құранбек ағамыздың “Ұйқыдан ауырмай тұрғанның өзі жарты бақыт» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Түсіне білген адамға бұл сөздің астарында да денсаулықтың маңыздылығы айқын көрініс табады. Расымен де, адамның жаны, дені сау болмаса, бұл өмірде мән жоқ.

Десек те, бүгінгі жастар  бұл асыл құндылықтың қадірін ұға алмай жүр.  Атап айтсақ, шылым, ішімдік сынды зиянды заттарды тұтынып, өз денсаулықтарына залалын тигізуде. Әсіресе, электронды темекі деген бүгінде жасөспірімдер арасында кеңінен танымалдыққа ие. Расын айту керек, қоғамдық орындарда  аталмыш зиянды затты тұтынып тұрған мектеп оқушыларын жиі көзіміз шалады.  Әттеген-айлап маңынан өтіп кетеміз… Амал нешік, тұсау жоқ…

Осы ретте, «Кодекстің 110-бабында 248-тармақ бар. Онда «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер» деп айқын жазылған. Демек, электронды темекі де ашықтан-ашық ұсынылмауы, пайдаланылмауы тиіс.  Сонымен қатар,  Н.Ә. Назарбаев өзінің “Қазақстан халқының әл-ауқатын – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты жолдауында “Дені сау ұлт – жалпыұлттық міндет. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру керек”, — деп атап айтқан еді. Бұл дегеніміз денсаулық тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілі екендігін аңғартады. Сондықтан  жастар денсаулықты құртатын дүниелерге емес, денсаулықты сақтайтын спорт түрлерімен айналысқаны дұрысырақ деп білемін. Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын ұстануға арналған түрлі іс-шаралар, марафондар өтіп жатыр. Неге бұл игі бастаманы ары қарай жалғастырмасқа?

Жоғары да, атап өткеніміздей, денсаулық – баға жетпес байлық. Оны жоғалтып алсаң, қайта табуың мүмкін емес. Сондықтан денсаулықтың қадірін бүгіннен ұғынайық.

 Арнагүл Уатхан,

ЕҰУ Журналистика факультетінің 

 студенті