Басты бет » Жарнама » «КЕЛ, БОЯМАҚ БОЯЙЫҚ!» ұлттық балалар боямақтарының таныстырылымы

«КЕЛ, БОЯМАҚ БОЯЙЫҚ!» ұлттық балалар боямақтарының таныстырылымы

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ұлттық балалар боямақтарының таныстырылымы өтті.

Тәрбие – тал бесіктен басталады. Ұлттық боямақтар дайындап шығарудағы басты мақсат – ұлттық боямақтар идеясы арқылы ерте жастан баланың кітап оқу дағыдысын қалыптастырып және визуал тұрғыдан түрлі түстермен жұмыс жасауды үйрету. Қазақтың ұлттық ойындарын, әдебиетіміздің классиктері Абай Құнанбайұлының мысал аудармаларын, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен қазақ ертегілерін, тағы да басқа көптеген қазақ әдебиетінің жауһарларын жас ұрпақ жадында жаңғырту, сол арқылы балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

2019 жылы «Jastar janary» орталығының жетекшісі, филолог, журналист Венера Мұратқызының авторлығымен қолға алынған Ұлттық үлгідегі балалар боямақтары жобасы бүгінде балабақша мен мектепде таныла бастады. Балалар ұлттық боямақтарды үлкен қызығушылықпен қолданып жүр.

Биылғы жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, балаларға мереке сыйлау, ұлттық боямақтарды таныстыру мақсатында тағылымды шара өтті. «DEMALYS  PROMENADE» демалыс орнында өткен кешке өнер мектептерінің өнерлі шәкірттері, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Алтынай Зарлыққызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі, ұлт жанашыры, этнолог, тарихшы, журналист Тұрар Сәттарқызы, суретшіміз, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай қатысып, балаларды мерекелерімен құттықтады.

Шара барысында балалар көлемді боямақтар бояп, ұлттық ойындар ойналды. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының шәкірттері, №2 өнер мектебінің өнерпаздары, №72 мектеп-лициейінің жас домбырашылары және «Ақжелкен» балабақшасының балғындары ән салып, би билеп, әдемі өнер көрсетті.

Асық, арқан тарту, жүзік жасыру ұлттық ойындары ойналып, балалар қуанышқа бөленді. Көлемді боямақтар бояудан жарысқа түсті. Жеңімпаз балалар марапатталды.

Танымдық бағытта өткен тағылымды кеш, балаларға үлкен қуаныш сыйлады.

Шырын Халелова,

ЕҰУ Журналистика факультетінің

2 курс студенті