Бір адам көшеден ақша толы әмиән тауып алады. Сол кезде оның отбасы қаражаттан қатты қиналып, тұрмыста тарығып отырған еді. Алайда ол тапқан олжасына бір қарағаны болмаса, ішіндегісіне саусағының ұшын да тигізбейді. Әмиәнді қалтасына салып қояды. Үйіне келсе, сол қара су мен қара наннан өзге талғажау қыларлық дәнеңе жоқ. Ол тапқан олжасын ойлап, бірер ақшасын алса қайтер еді деп қиналады, алайда қолы бармайды. Сөйтіп, ертеңіне әмиәнның жағдайын айтып, оны әйеліне ұстатады. Көп уақыт өтпейді, үй ішіне береке кіріп, дастарханы дәмге толады. Ері ойлайды, әйелім әлгі мол ақшаны шетінен алып жұмсап жатыр екен деп. Содан арада жылға жақын уақыт өтеді. Бірде отағасы көшеден бір адамды көреді, оны бір жерден көрген сияқты, содан ойлана келе есіне түседі, ол кісінің суретін әмиәнның ішіндегі қалтадан көрген екен ғой! Сонда бұл адам жоғалған әмиәнның иесі болған-ау! Өзін қылмыс істеп қойғандай қысылған ол қипақтап әлгі адамның жанынан шықпайды.
— Сіз немене бірдеңе жоғалттыңыз ба? Сабырлы болыңыз, жоғалған нәрсеңіз болса ерте ме кеш пе табылады. Мен де осыдан біраз уақыт бұрын әмиән толы ақшамды жоғалтып алғам, табылар, табылмаса садақа, жақсы кісілердің қолына түссе, соларға пайдасы болса, соған шүкір.
— Мен ештеңе жоғалтқаным жоқ. Сол сіздің жоғалтқаныңызды мен тауып алып едім, — деп болған жайттың бәрін баяндап, бейтанысты үйіне алып келеді. Келіп, әйеліне таныстырады.
— Сіздің қаражатты біз қиналғасын жұмсап қойып едік. Айып етпеңіз. Бірақ бәрін де қайтарамыз. Қазір бұрынғыдай емес, әйелім де, мен де еңбекақысы жоғары қызметтеміз. Табысымыз жақсы. Бірер айда сіздің ақшаңызды қайтарып береміз, — деп жатса, әйелі арғы бөлмеден сол баяғы бүйірі томпайған сарғыш әмиәнды алып кеп тұр. Ішіндегі ақшасы өзге елдікі болатын. Ал бұлар оны пайдалану үшін оны теңгеге айналдыруы керек қой! Ері мен қонақ таңырқап әйелге қарай берген.
— Мінекейіңіз, күйеуім тауып алған соң бұл әмиәнді маған берді, мен оны сандыққа апарып салып қойғам. Бір тиынына да тигенім жоқ. Ал біздің тұрмысымыз Құдай-Тағаланың жәрдемімен түзеліп сала берді. Жолдасым басқаша ойлап қалған ғой… Мен ол әмиәнды ұмытып та кетіппін. Сізді ілестіріп әкелгенде есіме түсіп, мен де қуанып кеттім. «Жақсылықтың ерте, кеші жоқ» деген, алыңыз әмиәніңізді, — деп әйел күлімсіреп, жоғалған әмиәнды иесіне ұстата берді.
Мұнайдар Балмолда