Басты бет » Жастар үні » 6 БАСПАНА: ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

6 БАСПАНА: ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Қазақстанда жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салтанатты түрде 6 жас ғалымға тұрғын үй сертификаттарын табыстады.

Аталған рәсім ғылымды дамыту мен ғылыми қауымдастықты қолдауға басымдық беріліп отырғанын айқындайтын маңызды оқиға болды. Ғалымдарға, әсіресе жас мамандарға лайықты жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.

Іс-шара барысында жас ғалымдар өз әсерлерімен бөлісіп, көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, Президент атынан берілген тұрғын үй сертификаттары мен пәтерлер – тек әлеуметтік қолдау шарасы ғана емес, сонымен қатар кәсіби дамуға және ғылыми қызметті одан әрі ілгерілетуге қуатты серпін.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері Динара Абдуахытова ғылым саласына он жылдан астам уақытын арнағанын атап өтіп, көрсетілген қолдауды жас зерттеушілерге деген жоғары сенімнің белгісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, мұндай бастамалар сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады.

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің «Technopark stroytech» зертханасының меңгерушісі Әділет Жағифаров та бастаманың маңыздылығын атап өтіп, мұндай қолдау болашақ ғылыми жетістіктерге берік негіз қалыптастыратынын, тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім сыйлайтынын жеткізді.

«Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ-ның жетекші ғылыми қызметкері Анар Сейсембекова тұрғын үйге қол жеткізу ғалым өміріндегі маңызды кезең екенін атап өтіп, бұл қолдау одан әрі нәтижелі еңбек етуге ынталандыратынын айтты. Сонымен қатар ол мұндай шаралар жас ғалымдар санының артуына және елдің ғылыми әлеуетінің нығаюына ықпал ететініне сенім білдірді.

Осындай бастамаларды жүйелі түрде іске асыру ғылымның дамуына қолайлы орта қалыптастырып, жас ғалымдардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтады.