Астана қаласындағы EXPO алаңында қала тұрғындарының қолымен жасалған «Ұлы Дала Аруы» атты арт-инсталляция ашылды, деп хабарлайды Jastar janary әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жобаның авторы – шебер Рахима Берген.
Оның жұмысына балалардан бастап әжелерге дейінгі төрт буын қатысты. Олар 3250 шаршы тоқып, одан Қазақстанның барлық өңірін бейнелейтін 17 күн шапағын құрастырған. Әр элемент жеке шаңырақты білдіреді.
Кейбірі үшін бұл жоба күнделікті күйбеңнен серпілуге мүмкіндік болса, енді бірі үшін ортақ іске үлес қосу жолы болды. Мәселен, қатысушылардың бірі әжесінің құрметіне 90 шаршы тоқып шыққан.
Жоба әкімдіктің қолдауымен жүзеге асып, тек фотоаймақ қана емес, дәстүр мен шығармашылық арқылы адамдарды біріктіретін ерекше кеңістікке айналды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

