Басты бет » Жаңалықтар » БІЗГЕ АРМАНДАУҒА БОЛМАЙ МА?

БІЗГЕ АРМАНДАУҒА БОЛМАЙ МА?

Сцрет: chatgpt.com

Сатира

– Бай мемлекетте тұрып кедейдің күнін кешкеніміз жетер, – деп таң атпай жекірген əйелімнің ащы айқайынан оянып кеттім.

Түнде басын диванға соғып алған шығар. Болмаса қайдағы байлықты айтып тұр? Əлде ішінде бірдеңесі оянды ма екен? Жын қағып кетпесе жарар еді…
– Біз бүгіннен бастап бай боламыз. Жалақымыз 500 мың теңге болады, – деді. Мұны естіп балалар қуанғаннан құлынша секірді.
– Қалай? – дедім. Жақсы тұрмысты кім жек көреді? Мүмкін тəуір түс көрген болар.
– Армандаймыз, – деп əйелім əңгіменің нүктесін қойды.
Үй-іші ойланып қалды. Бір ойлаған мақсатқа жету үшін аңсаған арман да керек қой. Бірақ неден бастаймыз?
– Балам, ауладағы «Джипті» жуып тасташы, – деп мен бастадым.
– Ой, əке менің қолым тимей жатыр, үй қызметшісіне айтшы, – дейді балам. Əкем:
– Дубайға барып демалып қайтайық.
Шешем:
– Америка тұрғанда Дубайды қайтесің?
– Түскі асқа қызыл балық асып берейін бе? Əлде мейрамханадан барып тамақтанамыз ба? Айтпақшы, менің бриллиант сақиналарым айнаның алдында тұр еді. Көрдіңдер ме? Бұл – біздің əйелдің арманы.
Үлкен ұлым:
– Əке, бір миллион теңге бере тұршы киноға барып келейін. Ауызбен армандаған рахат екен. Кəдімгідей рухани жаңарып байып қалдық. Сүйтіп армандап жүргенде үйге біреу телефон соқты.
– Сəлеметсіздер ме? Бұл қаржы бақылау орталығынан ғой. Сіздер байып кетіпсіздер деп естідік. Дүние-мүліктеріңізді тіркеңіздер. Əйтпесе, айыппұл төлейсіздер.
– Кешіріңіз, оны кім айтты?
– Көршілеріңіз…
– Біз байыған жоқпыз. Əншейін үйде армандап жүрміз.
– Армандауға болмайды.
– Неге?
– Заңға қайшы келеді, – деп байланысты үзді.
– Ойпырмай, енді үйде отырып армандауға болмай ма? Көшеге шығып армандасақ бір жөн, – деп əйелім быт-шыт болды. Сүйтіп, өтірік армандауды ұмытып кеттік.
Бір күні базардан лотерея билетін сатып алдым.
– Əйел, мына билеттен ақшалай ұтыс шықса қайтеміз?
– Мə, қанша?
– Мысалы, елу миллион ұтсақ…
– Қымбат көлік сатып аламын, – деді əйел. Қайтадан армандап кетті. Өткендегі əкімшіліктің ескертуі есінде жоқ.
– Сен көлік жүргізу білмейсің, бірінші бағанаға барып соғасың, – дедім.
– Онда италиянский диван аламыз.
– Жоқ, французский диван аламыз.
– Жоқ, италиянский, – деп əйелім қояр емес.
– Италияның диванына соншама неге жабысып қалдың?
– Италиянский сықырламайды, – дейді. Жатып көргендей. Тап осы кезде біздің есік сықыр етті.
– Бұл кім?
– Полиция
– Жайшылық па?
– Сіздер көп ақшаны қайдан алдыңыздар?
– Қандай ақша? – деп əйелім зың-зың етті.
– Елу миллион, – дейді əлгі полиция міз қақпастан.
– Айналайын, бұл лотерея билеті əлі ұтқан жоқпыз, – дедім.
– Жарайды, ұтып алсаңыздар хабарын беріңіздер, – деп əлгі полиция бетімізге жымиып қарап тұр. Бұлар үйдегі сыбырды қайдан естиді?…
Полиция кеткесін қайтадан ақырын армандай бастадық. Үйде екеумізден басқа ешкім жоқ. Əке-шешемді көрші үй шекеге шақырып кетті. Болашақ байдың екі ұлы мектептен əлі келе қойған жоқ. Өткенде олар «біз байдың баласымыз» деп, айтып мұғалімдерінен басым пəлеге қалды. «Мектепке демеуші бол» деп ақша сұрап əрең құтылдық.
Содан қашпаған қашардың əңгімесін əрі қарай өрбіттік.
– Қасқа-ау, жындының сандырағы келеді, шынымен ұтыс шықса қайтеміз? – дейді əйел.
– Байдың əйелі болып шыға келесің, – деймін мен.
– Ең болмаса он миллион ұтсақ неміз кетеді? Үйге жөндеу жүргіземіз. Мойнымызға сүлікше жабысқан несиелерден құтыламыз. Ой, шіркін-ай…
Есікті тағы біреу соқты.
– Кім екен? – деп əйелім дауыстады. Ешкім үндемейді.
– Есікті ашпа бандиттер болып тонап кетер.
– Бізде алатын ештеңе жоқ, – деп əйелім есікті ашып жіберді. Үйге бетіне қара бетперде киген қарақшы кіріп келді. Қолында пышағы бар.
– Ойбай, – деп қатын тұра қашты. Мен бір орнымда қатып қалдым.
– Елу миллион қайда?
– Біз əлі ұтқан жоқпыз
– Қашан ұтасыңдар?
– Оны бір Құдай біледі.
– Үйде алтын бар ма?
– Қайдан болсын?

Аяғының ұшымен əйелім жақындады.
– Шырағым, қарақшыжан, біз тек армандап жатырмыз. Күнімізді əрең көріп жүрген бізді қайтесің? – деп жалынды.
– Лоторея билеті қайда?
– Міне, – деп қарақшының қолына ұстаттым.
– Ұтыс шықпаса, мойныңды жұламын, – деп шығып кетті. Зəреміз қалмады. Тыныш жүрмей армандап неміз бар еді?..

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, 

Ақтөбе қаласы