Сахна – шынайылықтың символы. Ал Қуыршақ театры – сол шынайылықты нәзіктікпен, бейкүнә сезіммен жеткізетін өнер әлемі. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Қуыршақ театрының жас әрі талантты актрисасы, көрермен көңілінен орын тапқан Гүлназ Абсаттар. Ол өз жүрек қалауымен келген сахнада бүгін тек рөл ойнап қана қоймай, әр қуыршаққа жан бітіріп, шынайы сезім сыйлай білетін өнер иесіне айналды. Адам жүрегінде алау болып жанған арман оны өмір жолында алға жетелейді. Гүлназдың өнерге деген іңкәрлігі де бала кезінен бастау алған. Бүгінгі таңда ол қуыршақ театрына бар болмысымен берілген, шын көңілімен сүйетін жанға айналған. Гүлназ Қанатқызы үшін қуыршақ жай ғана сахналық құрал емес, ол – көрерменге жеткізетін жан дауысы, бала қиялын тербететін шынайылық көпірі.
– Актерлік өнерге қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауға не әсер етті?
– Актерлікке деген ынтықтығым бала кезден жүрегімде бүр жарып, мектеп қабырғасында жүргенде нақты арманға айналды. Кішкентайымнан телехикаялар мен түрлі қойылымдарды көріп, сахна әлемінің сиқыры мені баурап алатын. Әуелі әнші болсам деп ойландым, алайда жүрек үнін тыңдағанда, көңілім актерлік өнерге қарай бет бұрды. 10-11 сыныптарда ата-анам бұл шешіміме күмәнмен қарағанымен, менің өнерге деген шынайы құштарлығым оларды да сендіре алды. Арманымды арқалап Алматыға келіп, шығармашылық емтиханнан сүрінбей өтіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Сол сәт – менің өнер жолындағы алғашқы нық қадамым болды.
– Драма және кино актері бойынша білім алғаныңызбен, еңбек жолыңызды Қуыршақ театрында бастадыңыз. Бұл таңдау қалай жасалды?
– Шынымды айтсам, Қуыршақ театры мен үшін күтпеген бағыт болды. Оқу барысында біз негізінен драма мен кинодағы актерлікке басымдық бердік. Ал қуыршақ өнері туралы тым аз білетін едім. Дегенмен тағдыр жолы мені дәл осы ерекше әлемге алып келді. Алғаш театрға аяқ басқан сәттен бастап ерекше бір жылылықты, шынайылықты сезіндім. Бұл орта мені өзіне тартты. Қуыршақтардың үнсіз тілі, олардың көмегімен көрерменге жеткізілетін терең мағына мені тәнті етті. Күн өткен сайын бұл саланың күрделілігі мен ғажаптығын ұғына отырып, мен де осы әлемнің бір бөлшегіне айналдым.
– Қуыршақ театрының сахнасындағы алғашқы рөліңіз есіңізде ме?
– Әрине, ұмытылмас сәт. Алғаш театрға келген күні «Сағыныш шөбі» қойылымының дайындығы жүріп жатты. Сол кезде тірі планда шығыс биін билеуге мүмкіндік туды – бұл менің алғашқы сахналық қадамым еді. Кейін «Наурыз түні» қойылымында да би сахнасына шықтым. Ал толыққанды тұңғыш рөлім – «Қызыл телпек» қойылымындағы Қызыл телпек бейнесі болды. Сол қойылымда мен қуыршақпен алғаш терең байланыс орнаттым, оның жансыз денесіне жан бітірудің қаншалықты жауапты да нәзік өнер екенін алғаш сезіндім. Көпшілікке қуыршақ театры балдырғандарға арналған ойын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл салада актердің шеберлігі, сезімталдығы тіптен жоғары деңгейде болуы қажет.
– Қуыршақ театры мен драма театрының айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Бұл екі өнер түрі екі бөлек әлем. Драма театрында актердің өзі сахнадағы басты кейіпкер, оның жүзіндегі эмоция, қимылы барлығы көрерменге тікелей жетеді. Ал қуыршақ театрында актер сахнаның тасасында қалып, өз ойын, сезімін, мінезін қуыршақ арқылы жеткізеді. Бұл – ерекше шеберлікті қажет ететін өнер. Қуыршақпен тілдесу, оны «тірілту», оның көзінен қуаныш пен мұңды көрсету тек техникалық шеберлік қана емес, бұл – жан дүниенің тереңінен шығатын өнер. Сондықтан Қуыршақ театры – өте нәзік әрі ерекше жауапкершілікті талап ететін сала.
– Қуыршақпен жұмыс істеуді қалай үйрендіңіз?
– Бұл жолда маған ұстазым әрі әріптесім Марал Тәуекелова апайым үлкен демеу болды. Ол маған қуыршақтардың әр түрімен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретті. Марионетканың жібін сезіну, планшеттің салмағын басқару, трость қуыршақтың қозғалысын дәл беру – бұлардың әрқайсысы өз алдына бір шеберлік мектебі. Мен күні бүгінге дейін үйрену үстіндемін. Себебі бұл салада нағыз шеберлік үздіксіз ізденістен, тынымсыз еңбек пен махаббаттан туады.
– Сіздің сүйікті қуыршақ түріңіз қайсы?
– Маған планшетті қуыршақ ерекше жақын. Ол сахнада өте көркем көрінеді және актерге кең еркіндік береді. Онымен жұмыс істеу барысында мен өз қиялымды, шығармашылығымды еркін түрде жүзеге асыра аламын. Бірақ, шын мәнінде, әр қуыршақ – өз алдына бір кейіпкер. Егер актер оны шын жүректен сүйсе, жан-тәнімен сезіне білсе, онда кез келген қуыршақ сахнада тірі бейнеге айнала алады.
– Қай рөлдеріңіз жаныңызға жақын, ал қайсысы сіз үшін ең күрделі болды?
– «Үйшік» қойылымындағы Тышқан мен Қоян рөлдері менің жаныма жақын. Бұл кейіпкерлердің шынайылығы, олардың әлемі мені ерекше бір қуаныш пен жылылыққа бөлейді. Балалармен қатар, ересек көрермендер де осы қойылымға ерекше ықыласпен қарайды – бұл мен үшін үлкен шабыт.
Ал ең күрделі рөлім – «Макбет» қойылымындағы Мыстан бейнесі болды. Бұл рөл – эмоциялық жағынан да, физикалық тұрғыдан да күрделі сынақ болды. Бірақ дәл осындай күрделі кейіпкерлер арқылы актер өз шеберлігін шыңдайды. Бұл рөл маған ішкі тереңдігімді ашуға мүмкіндік берді.
P.S. Гүлназ Қанатқызы – бүгінгі жас буынға үлгі боларлық еңбекқор, шығармашылыққа адал жан. Оның қуыршақтарға деген махаббаты – шынайы өнер иесінің жүрек үні. Қуыршақ арқылы көрермен жүрегіне жол табу – үлкен шеберлікті, сабыр мен сезімді қажет етеді. Гүлназдың өнер жолындағы табандылығы мен адалдығы болашақта қазақ қуыршақ театрының алтын қорына енетініне сенім мол.
Сұхбаттасқан
Камила АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
Кинотеледраматургия мамандығының 2-курс студенті