Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында пәтеріне қатысты сот мәселесі шешіліп, өзіне тиесілі дүниенің қайырымен қайтқанындығын айтты, деп хабарлайды Jastar janary.
«Өздеріңізге белгілі сот мәселесі бойынша іс жүріп жатты. Жария етіп жазған күннен бастап, маған тілеулес, жанашыр, кеңесші, жол сілтеуші болған әр жанға алғыс. Бұл жаңалықтың жақсы жері сол, мен үшін бәрі де аяқталды. Балаларыма, өзіме тиесілі дүние қайырымен қайтты.
Әу бастан бұл жағдайды сынағым деп қабылдағаным рас. Ешкім, ешқашан үйрете алмайтын өмірлік сабақ болды.
Айналамда жаным-күнім деп, айналып-толғанып жүрген жандар бір-ақ күнде зым-зия болғанын көрдім. «Не көмек?» деп галочка үшін суық қана смс жолдағандар да болды. Керісінше, үнсіз ғана қасымда болып, қолынан келгенін жасап, көмектесуге тырысқан жандарды да көрдім. Бастысы, айналамдағы адамдар сүзгіден өтті.
Мемлекеттік құзырлы органдарының табалдырығын тоздырғаным да рас. Заң саласында біраз білімім артты десем артық болмас…» – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.