Жастар – қоғамдық өмірдің қозғаушы күші. Бүгінде жастардың мемлекет өміріндегі кез келген мәселелерге білек сыбана белсенді түрде араласуына мүмкіндік беріліп отыр. Сол арқылы жарқын болашақтың кепілі – жастарға жаңа белестерді бағындыру міндеті де жүктелді.
Бүгін, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Нұр-Әли» мейрамханасында «Жыл үздігі – 2024» жастар сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш жүлде жыл бойына ауданымыздағы жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өз кәсіби шеберлігін көрсетіп белгілі жетістіктерге жеткен жастарды анықтау, болашаққа деген ынта-жігерін жанып, елдің экономикалық, саяси, мәдени өміріне белсенділіктерін арттырып, жас буынның патриоттық сезімдерін нығайту мақсатында еңбек сіңірген әр саланың үздік жаңа есімдеріне берілер арнайы марапат.
Жастарға арналған мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Кенесары Бекболатұлы Нұршинов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Тельманқызы Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Керейұлы Арыстанбеков, «Бөкей ордасы білім саласының ардагелері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найлягүл Камалқызы Нарболова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Рахметоллаұлы Құрмашев және тиісті мекеме басшылары арнайы келіп қатысты.
Жалпы, ұсынылатын марапаттау 7 дәстүрлі және 1 арнайы аталым бойынша жүзеге асты. Тарқатып атар болсақ:
«Үздік жас көшбасшы», «Үздік жас медицина қызметкері», «Үздік жас полиция қызметкері», «Үздік жас ұстаз», «Үздік мәдение тарланы», «Үздік жас спортшы» «Жыл жаңалығы» және арнайы комиссия шешімінің нәтижесінде қосылған «Жігер» аталымы болып табылады.
Биылғы жыл үздігінің ерекшелігі әр аталым үздіктеріне аудан әкімінің бастамасымен 100 000 теңге ақшалай сыйақы, номинанттарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.