«Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Мәшһүрше айтқанда, «Атайын десең – аң емес, сояйын десең – мал еместің» дәл өзі». Бұл – Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың пікірі. Квадроберлер расымен қауіпті ме? Несімен қауіпті?
Сурет: vzglyad.uz
Бір қарағанда баланың ойынындай көрінетін бұл әуестік балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсері тигізуі әдбен мүмкін. Осы мәселені көтерген депутат Дәулет Мұқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, квадробер атауымен белең алып жатқан бұл үрдіс адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін субмәдениет түрін еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер екенін мәлімдеді.
«Мұндай оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?! Әлеуметтік желідерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда. Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда. Ең қорқыныштысы, балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселенің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айырылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты», – дейді Д.Мұқаев.
Оның айтуынша, әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда. Балалардың бұл дүниеге қызығушылығына байқағанда, ата-аналарға атүсті қарамай, дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Бұл мәселеге мемлекет пен қоғам болып болып әлеуметтік және құқықтық тосқауыл қойып, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауға алған жөн.
«Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған. Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек», – деді Д. Мұқаев.
Депутат өз кезегінде біздің елде де құзырды органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Ол мәселенің алдын алмаса, бір ұрпақтан айырылу қаупі төнетінін жеткізді.
****
Өзбекстанда кәмелетке толған квадроберлер 15 тәулікке қамалуы мүмкін. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Өзбекстан ІІМ Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, квадробинг субмәдениетіне еліктейтін жастар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылады. Атап айтқанда, оларға 3-5 базалық есептік шама аралығында (88,5 доллардан 147 долларға дейін) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Ташкентте квадробинг субмәдениетімен әуестенетін екі жасөспірім итке еліктеп, адамдарға шабуыл жасаған. Тиісінше, одан балалар мен тұрғындар қорқып қалған. Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғындардың ата-анасымен сөйлесіп, оларға бала тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін 1,8 млн сум (шамамен 147 доллар) айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертті.