Бүгін алғаш болып Азия ойындарының финалында атой салған отандасымыз Төрехан Сабырхан, кейін команда капитаны Айбек Оралбай алтын еншілеп қазақстандық бокс жанкүйерлерін қуантты. Сабырхан Қазақстан боксының Азия ойындарындағы 12 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы алтынын иеленіп отыр, деп хабарлайды Jastar janary.
Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшы финалда Иордания өкілі Зейад Ишаишпен жұдырықтасты. Отандасымыз қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл жеңістің мәні ерекше. Себебі Төрехан мен Ишаиш биылғы Азия чемпионатының финалында кездесіп, сол кезде иорданиялық боксшы басым түскен еді. Арада бірнеше ай өткен соң қазақстандық спортшы қарымта қайтарып, басты жүлдеге қол жеткізді.
Ал Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Өзбекстанның тәжірибелі боксшысы Жахонгир Зокировпен кездесті. 5:0 есебімен жеңіске жеткен отандасымыз ширек финалда Қырғызстан өкілі Мырзакир Кошалиевті 5:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Үндістан боксшысы Нарендерді дәл сондай есеппен ұтты.
Қазақстандық боксшылар Азия ойындарында соңғы рет 2014 жылы Инчхонда чемпион атанған еді. Одан кейін Джакарта мен Ханчжоуда өткен жарыстарда ұлттық құрама алтын медаль иелене алмады.
Төрехан Сабырхан биылғы Азия ойындарына ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі ретінде келді. Ол 2025 жылы Ливерпульде World Boxing ұйымы өткізген ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. Сол жарыста Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Қазақстандық боксшылар биыл да халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетті. Ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль жеңіп алса, Испаниядағы Boxam Elite турнирінде 17 жүлдеге, соның ішінде алты алтынға ие болды.
Елімізде боксты дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Құжат жаттығу үдерісін жетілдіруді, инфрақұрылымды дамытуды, спортшыларды ғылыми және медициналық сүйемелдеуді күшейтуді, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруды көздейді.
Қазір Қазақстанда 153 мыңнан астам адам бокспен айналысады. Барлық 20 өңірде екі мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала осы спорт түрімен шұғылданады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы