Соңғы кезде балалар қауіпсіздігі өзекті тақырыпқа айналып барады. Әсіресе, балалар арасында суицид мәселесі өткір тұр. Оған себеп, биыл 13 қыркүйекте 12 жастағы қыз 13-қабаттан құлап қаза тапса, 16 қыркүйекте 7-сыныпта оқитын екі жеткіншек қыз көпқабатты үйдің шатырынан құлап мерт болды. Қазір оқиғалардың мән-жайы анықталу үстінде. Суицидке онлайн ойындар, қиял-ғажайып сарындағы кітаптар, желідегі сілтемелер әсері болуы мүмкін деген сынды түрлі ойлар айтылуда.
Балалар құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қалдырмай, бұл мәселеге жіті көңіл бөлу туралы айтып келеді.
«Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн», – деген болатын Президент.
Бала тәрбие мәселесіне ата-аналар қаншалықты көңіл бөліп жатыр? Балаларды суицидтен қалай қорғаймыз? Суицидке алып келетін себеп-салдар қандай? Оны қалай байқаймыз? Осы сауалдар төңірегінде мамандар мен ата-аналар пікірін білдік.
Гүлфия ЖӘРДЕМОВА, психолог:
– Қазір жасөспірімдердің суицидке бару оқиғалары көп белең алып бара жатыр. Аналар кеңесінің құрамында болып әртүрлі жиналыстарға, осындай тақырыптағы жиындарға қатысқан кезде психолог маманы ретінде сөз сөйлегенім бар еді. Ол жерде өз көзқарасымды, ойымды айтқан едім және де бұл ойым тектен-тек субъективті өз ойым ғана емес еді. Бұл кәдімгідей түрлі жасөспірімдер арасындағы және де осы жасөспірімдерге қарасты полиция қызметкерлерінің сараптамалары, тіркелген деректері бойынша ойымды білдірген болатынмын. Негізінен, полиция бөлімшелерінде суицид аяқталған және аяқталмаған болып тіркеледі.
Аяқталған дегеніміз – суицидке ұшырағандар, аяқталмаған дегенміз – құтқарылып қалған, сондай жағдайға барғысы келген, ойы болғандар жатады. Осы жағдайларда жасөспірім балаларға іс қозғалады, ата-анасымен кеңеседі, жан-жақты зерттейді, мектепте бақылайды. «Неге, не себепті болды? Не жағдай?» деген сияқты осындай зерттеулердің барлығының сараптамаларын, тұжырымдарын зерттей келе, Атырау облысы әкімінің орынбасары үлкен жиналыс өткізген болатын. Сол жиналыста полиция қызметкерлері де, психолог мамандары, мектептің тәрбие ісі жөніндегі мамандарының тұжырымдарының ішінде барлық себептерді қарастыра келе, жасөспірімдердің осындай іс-әрекетке ойлары болып және сол жағдайға барғандарының себептері үйіндегі ата-анасымен кикілжің, одан кейінгі буллинг болып шыққан еді.
Буллинг дегеніміз – адамның өзгеге күш көрсетуі, қорлауы. Буллинг көп жағдайда физикалық қысымнан ғана тұрмайды. Көбінесе, психологиялық шабуыл: қорлау, жаман сөздер айту, келемеждеу, өсек пен өтірік сөз тарату және шеттетуден тұрады. Яғни, бала психологиялық тұрғыда қоғамға дайын емес. Ата-ананың парызы жасөспірім шаққа қосылып кеткенге дейін үйде баланың барлық тараптан қоғамға бейімдеу керек. Яғни, баланың ішкі иммунитетін мықты етіп дайындау. Біз өзіміз ересек адам ретінде қоғамда өмір сүріп жатырғаннан кейін түрлі адамдарды кездестіреміз, әртүрлі көзқарастарды көреміз. Тіпті, әлеуметтік желідегі парақшамызға сурет, видео салған кезде, ой-пікірін жазып қалдырып жатады, кейбір адамдар осындайды көтере алмай жатады. Нақтырақ айтқанда, «Виртуалды хейтті» көтере алмайды. Мектепте жасөспірімдердің арасында түрлі жаман сөздер айтылады, тіпті кейде ұстаздардың өзі басқа балалардың көзінше ұрсады, ұрысқан кезде де баланың жеке шекарасын сыйламай, ата-анасына сөз тигізіп, кемсітіп сөйлейтін мұғалімдерде кездеседі, өкінішке орай. Балалар осындай жағдайларды да көтере алмай жатады. Жасөспірімдер өзара бір нәрсеге келіспей, бөлініп жататын кездері де болады. Мысалы, қыздар сатыға бөлінеді, статусқа бөлінеді. Қазіргі кезде қаржылық жағдайға байланысты бөлінеді, қандай ұялы телефон ұстайды, қалай киінеді, қайда барып жатыр, бизнес санаттағы әуе ұшақтарымен ұшып жатыр ма, брендті заттар ұстайды ма, ұстамайды ма деген секілді жасөспірімдердің арасында осындай жағдайлар көп орын алады. Сондықтан соның барлығына баланың ішкі иммуниетін күшті етіп, ондай жағдайларға берілмеу керектігін, материалды құндылықтарға емес, рухани құндылықтарға жақын болуына балалармен көп сөйлесіп көңіл бөліп, дайындау керек. Бала қоғамға, және ішкі иммунитеті дайын болмағандықтан осындай мәселелерді көтере алмай жатады. Оларға әртүрлі мәселенің шешімі жоқ сияқты болып көрінеді.
- Бүгінгі бала тәрбиесінде кемшін түсіп жатқан тұстар не? Ана-ана нені ескеруі керек?
– Бала тәрбиесінде ана-ана ескеруі тиіс жағдайлар көп. Мәселен, ата-ана қатал болған кезде балалар қорқып, сырын айта алмайды, ашыла алмайды. Керісінше, баласына өз мәселеңді өзің шеше алмайсың ба, қорқасың ба деген сынды сөздерді айтып жағдайды одан әрі ушықтырып алады. Баламен қандай қарым-қатынас жасау керектігін білмейді. Сосын, екінші рет бала ата-анасына өз жағдайын айтпайтындай болады. Өз мәселесін өзі шешуге әрекет жасайды.
Өйткені бір-екі рет айтып, олардан қолдау ала алмады. Сондықтан мен шеше алмаған жағдайды, оларда шеше алмайды деп ойлап, жан-жарасын ешкімге айта алмай, қолдау алмай үлкен күйзеліске түседі. Мысалы, бала кішкентай кезде ата-ана ұрысуы мүмкін, «отыр, тұр!» деп тәрбиелеп, бұйрық беріп үйреніп қалады да, содан бала жасөспірім шаққа келгенде баламен үлкен адам сияқты қарым-қатынас жасау, онымен сөйлесу, тілдесу, ішкі жан дүниесіне үңілу, ол нені қалап жатыр, не болып жатыр деген нәрселерді ұмытып кетіп, сол баяғы кішкентай балаға деген қарым-қатынаспен қала береді өзгермейді. Сосын өтпелі кезеңде бала ызаланады, қарсыласады өйткені сепарацияға ата-ана дайын емес. Сөйтіп, бала ата-анадан алшақтай бастайды. Сырын айтқысы келмейді, қарсы шығады, кейкілжіңдер пайда болады. Ата-ана одан сайын қатал боламын деп, баласын одан әрі алшақтатып алатын жағдайға жетеді.
Жоғары да айтқанымдай, полиция зерттеулері бойынша осындай жағдайлардың белең алуы ата-анамен болған кейкілжіңдерден болады екен. Сондай-ақ, жасөспірім шақта баланың мінез-құлқына көбірек мән беру керек. Қандай ортада жүр, бала қандай болып кетті, тез тұйықталып кетті ме, мінезінде өзгерістер бар ма, тіпті киген киімінде де балада әртүрлі өзгерістер болады. Көбінесе, қандай түстегі киімдерді киеді соған мән беру керек. Қара киімді киімдерді көп киіп кетсе, бос киімдерді көп кисе, бетін жауып жүретін болса, іс-әрекеттері, айтатын сөздері, мінез-құлқы агрессивті болып кетті ме, бала ұйқышыл болып жиі жата беретін болса және жейтін тамағы мен тыңдайтын әуендеріне ата-ана балаға мән беріп, қарау керек. Әрине, қазіргі ата-аналар көбінесе жұмыс басты қаражат табу керек, әр адамның өзіндік мәселелері бар. Дегенмен де, бала біздегі ең бірінші – жауапкершілік. Мектептегі мұғалімдермен тілдесу керек, баланың сыныптастарымен қандай қарым-қатынаста жүр, араласып жүрген достарын үйге шақыруға болады, бірге бір жерлерге алып баруға болады ортасы қандай, олардың ата-анасы қандай осы жағдайлардың барлығана жан-жақты ден қойып қарау қажет.
Телефонға телмірген жеткіншектерді қалай қызықтырып, ғаламтор әлемінен ажырата аламыз?
– Қазіргі кезде ойындар көп, мысалы, «көк кит», тағы да басқа аттары өзгеріп шығып жатырған түрлі ойындар бар. Бұл ойындарда балаларға әртүрлі тапсырмалар беріп соны орындатады. Сондықтанда ұялы телефонындағы ойындарын, көретін киноларына да аса мән беріп тексеріп, бақылау керек. Бала не себепті ата-ананы емес, телефонды таңдайды. Өйткені, шындығына келетін болсақ, қазіргі таңда виртуалды өмір шынайы өмірге қарағанда қызығырақ болып тұр. Тіпті, ата-ананың өзі телефонға телміріп отырады, қазіргі кезде отбасылық уақыт өткізу деген жоқ. Отбасымен бірге уақыт өткізіп, сөйлесіп, ортақ қызығушылықтар болуы керек. Ортақ қызығушылықтар ертең бала есейіп кеткен кезінде де естелік болып мәңгі жадында қалады. Мысалы, үйде кезде отбасылық қызықты киноларды көруге кеңес беремін. Үстел үстінде көпшілік болып ойындар бар, соларды ойнауға болады. Психолог маманы ретінде, көпбалалы ата-аналарға әр баласымен жеке-жеке шығып тұруға, табиғат аясына демалуға, тамақтануға немесе бірге сауда орталықтарына барып киім алып, уақыт өткізу керек. Енді әр адам өз қалауына, баласының қалауына байланысты әр баласына жеке-дара көңіл бөліп, кездесулерді ұйымдастыруға болады. Біз әдетте барлық баламызды түгелдей алып шығып бірге қыдырамыз. Ол кезде дұрыс көңіл бөлінбей қалады. Сондықтан да жеке-дара алып шығу қажет.
Бұл мәселе турасында ұстаздардың ой-пікірі қандай?
Ерасыл ШАМШИДИН, №25 Талғар қалалық мектеп-гимназиясының мұғалімі:
– Қазіргі кезде балалардың психологиясы өте әлсіз. Сырттағы ақпаратты тез қабылдайды. Жасөспірім кездегі балаларда еліктеушілік көп болады. Кішкене қиын жағдайға болса, олар өздеріне қол жұмсауды ойлайды. Сол арқылы барлық мәселеден шығамын деп түсінеді. Ең бірінші, баланы ата-ана дұрыстап қадағалау керек. Қазір көп ата-анада уақыт жоқ, жұмыс, тіршілік деп өз баласына көңіл бөлуді ұмытып кетеді. Сондықтан да бала сол көңілді телефоннан іздейді. Барлығы да осы телефоннан басталады. Ата-ана кешкісін бір уақытын арнап балаларына көңіл бөліп, сөйлесіп тұру керек. Айналасында, мектебінде, ортасында не болып жатыр барлығын баламен әңгіме құрып жан-жақты біліп отыру керек. Баланың миына жиі-жиі ненің дұрыс, ненің бұрыстығын қайталап айтып отыруы тиіс, балаға жиі қолдау көрсетіп, мақтап отыру қажет. Көбінесе, суицид ата-ананың дұрыс қадағаламағанынан, көңіл бөлмеуінен және әртүрлі психологиялық күйзеліс себептерінен болады деп ойлаймын. Өтпелі кезеңде, жасөспірім кезеңде ата-ана, ұстаздар баламен тығыз байланыста болса, мұндай жағдайлар орын алмайды деген сенімдемін.
Ата-аналар не дейді?
Тынымкүл ӘБУҚЫЗЫ, ата-ана:
– Бұрын ата-аналарымыз бізді қалай өсіріп баққанына таңым бар. Ол кезде lt қазіргі замандағыдай ата-анамыздың уақыты болмады, бірақ өзіміз жетіліп өстік, жаман болмадық. Өзім ана болғаннан кейін бала тәрбиелеу оңай емесіне көзім жетті. Бала тәрбиесі сондай үлкен білімді талап етеді. Шыны керек, қазіргі уақытта баланы қалай тәрбиелеу керек деген тақырыптар, кітап, курстар кеңінен қарқындап келе жатыр, соны өзіміз оқып дамуға, қателіктерімізбен жұмыс жасауға тырысамыз. Ең ауыр кезең – баланың өтпелі кезеңі екен ғой. Ол кезеңнен өткенсоң құдды жеңілдеп қалғандай сезімде боласың. Ал жасөспірім шаққа келсек, ол одан да қиындау екен. Бала есін біліп, оң-солын ажырата алғандығымен, бір басқа әлемге түсіп қалғандай болады. Менмендікке салынады, өзінің сөзін дұрыс деп біледі. Артық сөз, ақыл айтсаң ашуланып кетеді. Бұл кезеңнен де аман-есен өтіп шықтық. Өз-өзіне қол жұмсау деген осы жасөспірім шақтағы баланың қолдау, қорғау күтпегендіктен, дұрыс мейірім алмағандығынан туындайды. Және де ғаламтордың зардабы деп білемін. Қазіргі кезде «көк кит», «қызыл дельфин», «тыныш үй» секіді ойындар бар деп естіп жүрмін. Балаларыма бұл ойындардың жаман екенін, ойнамау керектігін жиі еске салып отырамын. Сол себепті мұндай жағдайлар орын алмас үшін баламен жақсы байланыс орнату керек.
Марал ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ, ата-ана:
– Көпбалалы ана ретінде айтар болсам, төрт баламның әрқайсысының мінезі, көзқарасы әртүрлі. Бірінің жасөспірім кезі жақсы өтті, енді бірінде құбылмалы болды. Балаларыммен аса бір қиындық болған жоқ. Мүмкін ата-әжесімен тұрғандықтан болар, балаларым телефон ұстап, теледидар көретіндей уақыттары да болмады, уақыттары болған кездің өзінде телефон, теледидар сұрамады. Мүмкін үйде көпшілік болып тұратындықтан болар. Мұндай кезеңдерден жақсы өттік. Ғаламтордан балаларымызға шектеу қойсақ, көңіл бөліп жақсы мен жаманды үйретіп отырсақ, ондай жаман әдеттерден өзі де сақтана алады.
Оқушылар қауіпсіздігі сабағы не береді?
1 қыркүйектен бастап оқушылар қауіпсіздігі сабағы енгізілді. Бұл сабақтар апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өтеді, тақырып жылына үш рет қайталанады.
«Сабақтар балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, балалардың әртүрлі өмірлік жағдайларда өз іс-әрекеттеріне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз – балаларға қажетті ақпаратты беріп қана қоймай, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қауіпсіздік сабақтарында қандай тақырыптарға назар аударылады?
Балабақшалардағы ересек топтардағы балалар үшін (4 жас):
— Шұғыл қызметтер мен байланыс орталықтарының телефон нөмірлерін білу, шұғыл қызметке дұрыс қоңырау шалу, өзі туралы негізгі мәліметтерді есте сақтау, терезелерге байланысты қауіптерді ұғыну, сондай-ақ балалар алаңдарында, ойын орталықтары мен аттракциондарда өзін-өзі ұстау ережелерін қалыптастыру.
Бастауыш сынып балалары үшін:
— Су қоймасындағы қауіптер, есікті қағу кезінде қауіпті қалай тануға болады, бейтаныс адамдармен кездескенде қалай әрекет ету керек, мұз үстінде жүр қаупі, өзін-өзі қорғау, виртуалды достықтың қаупі және қаңғыбас иттер кезіккендегі сақтық шаралары.
Орта сынып балалары үшін:
— Қауіпті челленджер тақырыптары бойынша сабақтар, бөтен адамның шақыруын қабылдамау, көшедегі қауіпті нысандардан (мысалы, субұрқақтар, электр қалқандары) аулақ жүру, кибербуллинг және одан қорғану тәсілдері, ата-аналармен сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы, интернеттегі қауіптер, сондай-ақ баланың құқықтары мен міндеттері.
Жоғары сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері үшін:
— Алаяқтардың алдауына түспеу және өздерін табыстың күмәнді түрлерінен қорғау, онлайн-ойындардың тәуекелдерінен сақтану және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, теріс эмоциялар мен сөздерге қатысты дұрыс әрекет ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, ата-аналарға сенім және өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу ережелері.
Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектептердің барлық педагогтері мен әкімшіліктері «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасы бойынша нұсқаулық-әдістемелік семинарларға қатысып жатыр. Оқытуды «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты ұйымдастырып жатыр.
«Оқушылар арасында буллингтің алдын алу бойынша «ДосболLIKE» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында педагогтерге жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетіледі. Бұл шара мектептерде бала үшін қауіпсіз және достыққа негізделген орта құруға бағытталған. Ол мектептегі ахуалды жақсартуға, буллинг деңгейін төмендетуге және оқушылар арасында өзара құрмет білдіру, көмек көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Дайындаған
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary