Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде сарбаз қаза тапты, деп хабарлайды Jastar janary порталы.
Фото: taulik.kz
Оқиға Маңғыстауда 7 қыркүйек күні сағат 17.10 шамасында болған. Взвод командирі «Оймаша» полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы жауынгерге оқ атқан. Салдарынан оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген.
Жедел ауруханаға жеткізілгенімен, жауынгер 17:40 шамасында көз жұмды. «Сарбаздың өліміне қаруды дұрыс пайдаланбау себеп» деп хабарлады Ақтау гарнизоны баспасөз қызметі.
Ұлының қазасына жаны күйзелген әкесі әлеуметтік желіден бейнеүндеу жариялап, Қорғаныс министрлігінен тексерістің әділ жүруін талап етті.
«Мен Ақтауға барамын. Баламды тапаншамен атып өлтірді. Мұны жазатайым оқиға деп түсіндірді. Офицер тапаншамен ойнап жүрген және қару өздігінен атылған деген себебін айтты. Мен Қорғаныс министрінен оқыс оқиға ретінде назардан тыс қалмауын сұраймын. Қару ату үшін оқпанға патронды салып, сақтандырғышты алып, шүріппені басу керек. Тапанша ойыншық емес, офицер ойнамаған. Оны қамады дейді. Мүмкін, бұл мәселенің түп төркінін жасырғысы келетін болар. Мен бұл істі егжей-тегжейлі мұқият зерттегенін қалаймын», – деді.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды. Істі Бас әскери прокуратура мен Қорғаныс министрі бақылауына алды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды.