16-25 қыркүйек аралығында «Отау» және «Наурыз» ипотекасы бойынша қосымша өтінім қабылдау өтеді.

Осы екі ипотеканың операторы — «Отбасы банк», «Отау» бағдарламасына өзгеріс енгізіп, оны «Наурыз» бағдарламасының шарттарымен теңестірмек.

Өзгерістер қандай?

  • «Отау» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағылар үшін мөлшерлеме 9 %-дан 7 %-ға дейін төмендейді (ЖТСМ — 7.3-8.4 %).
  • Өтінім бергенге дейін депозит ашуға болады. Бұрын «Отау» бойынша депозит мерзімі 18 айдан кем болмауы керек еді.
  • Астана, Алматы қалалары үшін несие сомасы 36 млн теңгеге, ал басқа аймақтар үшін 30 млн теңгеге дейін өседі. Бұрын бұл сома 30 және 18 млн болған.
  • Алматы мен Астанада пәтер сатып алу кезінде тіркеу талабы болмайды.
  • Ұпайды есептеудің бірыңғай жүйесі пайда болады:
    — салым бойынша сыйақы мөлшері үшін 1 000 теңгеге 1 ұпай;
    — неке тіркелген жағдайда 5 ұпай;
    — бала болған жағдайда 10 ұпай (бала санына қарамастан);
    — әлеуметтік осал топта болса 10 ұпай;
    — жасы 35-ке дейін болса 5 ұпай.

Отбасы банк екі ипотека бойынша шамамен бірдей өтінім қабылданып жатқанын атап өтті, яғни «Отау» да сұранысқа ие.
Қанша өтінім қабылданатыны, өтінім қабылдау қалай жүргізілетіні және екі платформада бірден немесе тек «Наурыз» бойынша өтетіндігі кейін белгілі болады. Өзгерістерді бақылап отырамыз.

Естеріңізге сала кетейік, «Отау» және «Наурыз» ипотекалары — биыл іске қосылған жаңа бағдарлама.
— Екі бағдарлама бойынша басты шарт — қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде (жұбайы, кәмелетке толмаған балалары) бес жыл бойы жеке тұрғын үйінің болмауы.
— Кезекте тұрған әлеуметтік осал топқа кіретін азамат үшін мөлшерлеме — 7 %, қалғандарына — 9 %.
— Бастапқы жарна — 20 %-дан бастап.
— 1 млн теңгеден кем емес жиналған депозиттің болуы.
— Бірінші (ірі қала мен облыс орталықтары) және екінші нарықтан (моноқала, облыстар) тұрғын үй ала аласыз. Бірінші нарықтағы үйді тек «Отбасы банк» сайты арқылы алуға болады. Өз қалаңызда пәтер болмаса, басқа қаладан сатып алуға рұқсат етілген.

Ақпарат: krisha.kz