Оқу жылының басталауына санаулы күндер қалды. Жатақхана мәселесі әлі де өткір мәселе күйінде қалып отыр. Яғни, студенттердің барлығы жатақханаға орналаса алмайтыны белгілі. Сондықтан елордаға өзге аймақтардан келген студенттер ең алдымен жалдамалы пәтер іздейді. Жаз мезгілінде нарықта басқа баға болса, студенттер келетін уақыт жақындағанда бастап жалдамалы пәтерлердің ақысы өсетіні айтпасақ та түсінікті.
Қазір Астанада пәтер жалдау құны қанша болып тұр?
Жалдамалы пәтер ақысын танымал krisha.kz сайтынан іздеп қарап, салыстырдық.
Нәтижесінде, 1 бөлмелі пәтерді жалдау ақысының өзі сол жағалауда 150 мың — 300 мың теңгенің аралығында болса, оң жағалаудағы бір бөлменің ақысы 110 мың — 180 мың теңге аралығында екен.
Құны 70-100 мың теңгеге пәтер табуға болатынын да аңғардық. Дегенмен орналасқан жері қалаға, оқу орындарына тым алыс және табылған пәтерлердің тозығы жетіп, көнерген, жөндеуі жоқ ескі үйлер.
Салалық министрлік қандай қам жасап жатыр?
ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында бұл туралы хабарлады.
«Кез келген студент өзі оқитын университеттің Ситуациялық орталығына хабарласа алады. Әрбір университеттің жанында Ситуациялық және дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Мұнда оған университет жатақанасында қанша орын бар екені, университет жанындағы жатақханада орын болмаған жағдайда, қай жекеменшік жатақхана мен келісімшарты бар екені туралы ақпарат ұсынылады. Бұл орталықтар жолдан келген бала далада қалып қоймасы үшін университеттің қасынан орын тапқанша жататын орын болып табылады», – дейі Ақерке Абылайхан.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың сөзінше, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне берілуге тиіс.