Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Париж Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін ақшалай және тұрғын үй сертификатымен марапаттап, автокөліктердің кілтін табыс етті.
Қала басшысы алматылықтар: Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер — дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты және жаттықтырушыларын жетістіктерімен құттықтады.
Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті.
Сонымен қатар, спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар таратты. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға берілді.
Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Кездесуде олимпиадашылар алматылықтар мен бүкіл Қазақстан халқының қолдауын сезінгенін, жарыс кезінде жігерін жанып, жеңіске жетелегенін айтты. Сондай-ақ, олар қала басшысы Ерболат Досаевқа назардан тыс қалдырмай, әкімдік тарапынан көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамызына дейін Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында алматылық спортшылар 1 күміс және 3 қола жүлде, жалпы жиыны 4 медаль жеңіп алды.
«Astana Motors» және «Orbis Auto» компанияларының демеушілігімен Нариман Құрбанов Hyundai Santa Fe автокөлігін, Ғұсман Қырғызбаев пен Ислам Сәтбаев Hyundai Tucson кроссоверін, Назым Қызайбай мен Александра Ле Zeekr X жол талғамайтын көлігін алды.