Басты бет » Жаңалықтар » АСТАНАДА 6 СТУДЕНТТЕР ЖАТАҚХАНАСЫ БОЙ КӨТЕРМЕК

АСТАНАДА 6 СТУДЕНТТЕР ЖАТАҚХАНАСЫ БОЙ КӨТЕРМЕК

Астана қаласында биыл студенттерге арналған 6 жатақхана салынады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Jastar janary.

«Астанаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының балансында 16 мың орынға арналған 40-тан астам студенттік жатақхана бар. Ал жалпы қажеттілік – 6 400 төсек-орын. Жауапты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханалардағы орындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге студенттерге арналған жатақханалардың құрылысымен таныстық», – дейді Жеңіс Қасымбек.

Биыл алты жатақхана салынып, пайдалануға беру жоспарлануда. Онда 4,5 мыңға жуық орын жастар игілігіне қызмет етпек.

«2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол сияқты өз тарапымыздан жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлдік. Былтыр 1800-ден астам төсек-орын ашылды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. Фронт-кеңсенің негізгі міндеті – жатақханалар салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету», – дейді Астана қаласы әкімі.