1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ қандастымыз отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп жазды рталы baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Фото: qandastar.kz
Статистика бойынша, 1991 жылдан бастап елімізге 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ қандасымыз атамекеніне оралған болатын. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанатын болады. Сонымен қатар қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Павлодар, Шығыс және Солтүсік Қазақстан облыстары, Абай, Қостанай өңірлері.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. Ал 1 шілдеде көрсеткіш бойынша 1 891 қандас елге қоныс аударған. Аталып өткен өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын болды: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, бір жыл ішінде 15-тен 30АЕК ( 55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7%-ы Өзбекстаннан, 5,9-ы Түрікменстаннан, болса, 5,3%-ы Моңғолиядан, 3,3%-ы Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген. Сонымен қатар 1 579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді, соның ішінде 456 адам жұмысқа орналастырылды.
Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды құрады.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді және 4,6%-ының білімі жоқ болды.
Және де қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында қандастарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізінде беруді енгізді.