Басты бет » Жаңалықтар » ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Алматы қаласында дүбірлеп өткен Қазақстан чемпионатында қанжығамыз майланды. Аудандық, облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, өңір намысын республикалық деңгейде қорғаған Теректі аудандық, Покатилов орта мектебінің оқушысы Яна Милосердная жүлделі 1-орынға ие болып, жазғы чемпионаттың Президенттік көпсайысында Қазақстанның абсолютті жеңімпазы атанды.
Қаршадай қыз Яна Ярославовна аталмыш спорт түрінен «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алып, алса, алғандай, талай жарыста үмітті ақтап келеді. Бұл туралы ұстазы Ерлан Әбілқайыров мақтанышпен жеткізді.
– Санаулы шәкіртім болса да, спортпен жүйелі түрде айналысып жүр. Янаның мақсатына жетпей, тынбайтын құштарлығы қуантады. Бүгінде ұстазы ретінде үйретіп, спортқа баулып жүргенім бекер еместігіне мақтанамын. Үш-ақ жылдың ішінде баскетбол, волейбол, көпсайыс сынды спортты меңгеріп әкетті. Ширақ, батыл шәкіртімнің бағындырар шыңы алда, – деді ол мақтанышпен.

Сонымен қатар покатиловтық Анжелика Круг есімді оқушы да чемпионатта бағын сынап, үздік бестіктің қатарынан көрінген. Бір жыл ғана жаттығу жасап, еліміздің мықталарымен сынға түсіп, жақсы нәтиже көрсеткен ол да қайсар қыздың бірі. Аудан жұрты қос оқушының ертеңіне сеніммен қарайды.

Жаттықтырушының айтуынша, Покатилов ауылында көпсайыс спорт түріне арналған жабдықтар жоқ. Оқушының өзі әкеліп, шұғылданады екен. Демеушілік көрсететін атымтай жомарттардың да қарасы азайған. Осындай қарқынмен оза шапқан жастардың бағын байламай, жетістікке жолды ашып берген жөн. Күні ертең-ақ әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын қыздар бүгін ештеңеден тарықпай, тек спортқа уақытын арнасын. Тілек сол ғана!
Ақтілек Әлібекұлы,
Батыс Қазақстан облысы 

Теректі ауданы