Басты бет » Жаңалықтар » Белгілі кәсіпкер Әбибаға стипендия тағайындамақ

Белгілі кәсіпкер Әбибаға стипендия тағайындамақ

Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне алмаған дзюдодан Қазақстан командасының үздігі Әбиба Әбужақынова қола медаль үшін күресте жеңілуінің себебін айтып көзіне жас алып, жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

Әбиба Олимпиада ойындарында алғашқы бестікке енді.  

«Жарақат болса да шыдайтын едім, сол қателік… Қарсылас (швециялық Тара Бабулфатты айтады — ред) өте қолайсыз, тиімсіз. Әдіс жасатпайды, лақтыра алмайсың. Қаншама әрекет жасадым, бәрібір өзінікін істедім. Қарсылас біліп тұр, сол үшін аяқтан теуіп тұрды», – дейді көзіне жас алған Әбиба.

Алайда елде Әбибаны қолдау көрсетіп жатқан отандастарының қарасы қалың. Бірі «Мойыма, сен мықтысың!» десе, енді бірі «Әлі талай биіктерді бағындырасың. Біз саған сенеміз!» деп жазып қолдау білдіріп жатырған жанкүйерлері көп. Одан бөлек, қазақтың кәсіпкер азаматтары да қазақтың қайсар қызына демеу болуға жұмыла кіріскендей.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ қызын қолдап, оған өз атынан сыйақы беретінін жазған.

«Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Оған себеп – Әбиба қарындасымның көз жасы. Бұл намыстың көз жасы. Бұл тектіліктің белгісі. Бұл үлкен тәрбиенің үлгісі! Қысқасы, Әбиба қызымызға өз атымнан арнайы сыйақы беремін. Парижде Қазақстанның абыройын қорғаймын деп барын салды. Жарақат алса да қайтқан жоқ. Осындай еңбекті бағалау керек. Осындай патриоттықты насихаттау керек! Қанеки, жалғастырайық, Қазақтың Жігіттері!» – дейді Айдарбек Ходжаназаров.

Ал белгілі кәсіпкер, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының негізін қалаушы Дулат Тастекеев Әбибаға 1 000 000 теңге стипендия тағайындауға ниетті екенін айтады.

«Токио олимпиадасында қола жүлде алған Елдос бауырымыз сол жылы көпшіліктің шешімімен ASSYLTAS стипендиясының иегері атанған еді. Биыл бұл стипендияны Париж олимпиадасында жанкештілік көрсеткен Әбиба қарындасымыз алса, қалай қарайсыздар?» – дейді Д.Тастекеев.