Басты бет » Жаңалықтар » АСТАНА – елімнің бақ ордасы

АСТАНА – елімнің бақ ордасы

Фото: future-rf.ru

1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. Міне, сол күннен жаңа астананың көші бастау алды.

Осылайша, Астана сәулеті мен дәулеті келіскен әсем қалаға айналды. Астана – Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тұрғызған алғашқы елордасы ретінде тарихта қалары сөзсіз. Әсем, заманауи қалада еліміздің әр аймағынан қоныс аударып келген отандастарымыздың тағдыры тоғысты. Елордада еңбек етіп, отбасын құрып, қаланың дамуына, өркендеп, гүлденуіне атсалысып жатқан қазақстандықтар қатары күн санап артуда.

Бүгінгі бас шаһар тұрғындары Астана туралы, елорданың жаңа келбеті мен болашағы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Жанар РАЙХАНОВА, студент:

– Арман қуып, Астана қаласына отбасымызбен 2023 жылдың қараша айында қоныс аударған болатынбыз. Қоныс аударуымның басты себебі – білім алу.

Астана қаласы – өзіндік келбеті бар, заманауи даму үрдісінен қалмай келе жатқан жас қала. Мемлекетіміздің тәуелсіздік ордасы. Астана – өте әдемі, ерекше әсер беретін қала десем де болады. Астанадағы үлкен ғимараттар, монументтер мен ескерткіштер көз жауын алады. Астанаға алғаш келген әрбір азамат «Бәйтерек», «EXPO-2017», «Хан Шатыр», «Астана-Арена» және «Мега» ойын-сауық орталықтарын көру керек деп ойлаймын.

Басқа қалалармен салыстырғанда Астананың маған тазалығы ұнайды. Астанада мүмкіндіктер көп, сонысымен ұнады. Және қай қалаға барсаң да, сол қалада орыс немесе басқа ұлттар көбірек тұрса, Астана қаласында байқағаным көбісі қазақтар екен. Жалпы, елордада мүмкіндіктер көп деп айта аламын. Қандай да бір адам келіп менен қай қалаға көшуге болатыны туралы кеңес сұраса ойланбастан Астана қаласын айтушы едім.

Елордалық білім беру жүйесі де қарқынды даму үстінде. Қала өсіп келеді, онымен бірге елорданың білім беру инфрақұрылымы да жетіліп жатыр.

Мәриям КЕНЖЕАЛИҚЫЗЫ, 9-сынып оқушысы:

– Менің Астанаға қоныс аударғаныма 5 жыл болды. Астана – нағыз жұмыс істеп дамитын қала, өте әдемі көркем қала. Маған Астана қаласының зәулім ғимараттары, адамдары және келбеті ұнайды. Астана қаласының ерекшеліктері басқа қалаларға қарағанда университет, колледж, мектептерінде білім мәселесі жоғары деңгейде. Және Астанада студенттерге, ең қуаныштысы, пәтер жалдау арзан деп естідім. Үй бағасы да біздің қаламен салыстырғанда азандау екен. Астананың ұнамайтын жері тек қыс мезгілі ғана. Астанамыз дамып, көркейе берсін!

 

 

Ерасыл ИСКАКОВ, студент:

– 2022 жылы күз айында қоныс аудардым. Астана алғаш көзге салқын тартқанымен, өзінің архитектурасы, өткізген қызықты оқиғаларымен баурап алады. Астана – жастардың қаласы, жаңашыл ойлар мен талапшылдардың ортасы. Мұнда сонымен қатар көптеген іс-шаралар жиі өтеді, әрі көптеген баруға тұрарлық орындар бар. Мұнда сонымен қатар елдің әкімшілік орталығы болғандықтан басқару-әкімші қызметкерлер көп. Сол үшін кептелістер орын алады. Құрылыс көп жүргізілетіндіктен, қалада әрдайым шулы. Тынығатын орындар бар болғанымен әлі де аз. Ескерілуі қажет инфроқұрылымдық жобалар бар.

 

Камила НАЗЫМБЕКОВА, тамақтану саласының маманы:  

– Мен – Астананың құрдасымын. Астанаға 2023 жылдың қыркүйек айында қоныс аударып көшіп келдім. Келгеніме 1 жылдың көлемі болыпты. Елордаға көшіп келгенде төбем көкке сәл жетпей тұрғандай қуандым,  әсем қала Астанаға біз тез үйренісіп кеттік. Барлығы да ұнап жатыр. Астанада дамимын деген жастарға барлық мүмкіншілік жасалған, тек ынта-жігерің болу керек. Астанада тұру бала кезден арманым еді, қазір сол арманым орындалып, осы қалада өмірім бастау алып жатыр. Барлығы өзім ойлағандай, көңілімнен шығып жатыр. Астананың ең қызығы, бұл жақта ауа рай өте құбылмалы екен. Бірақ оған үйреніп те қалдым. Кұн жанып ыстық болып тұрады да, бір мезетте жаңбыр құйып кеткенін білмей қаласың. Бар болғаны осы, мен үшін елорданың жаман тұсы жоқ. Дәулеті мен сәулеті жарасқан Астанамызды келе жатырған мерекемен құттықтаймын.

 

Назым Егимбаева, үй шаруасындағы ана:

 – Біздің Астана қаласында тұрып жатырғанымызға 2 жыл болды. Астана – үлкейіп, өркендеп, тез өсіп келе жатырған өте үлкен қала. Маған Астананың таза ауасы және тұрғын үйлердің үлкен таңдауы бары ұнайды. Мен үшін Астанада балалар ойын алаңы, балалар саябақтары мен балаларға арналған ғылыми мұражайлар жетіспейді. Балалардың жылдың кез келген мезгілінде құммен, сумен ойнай алатын жерлердің болғанын қалаймын. Саябақтар бар, бірақ бұл саябақтарға қамқорлық, гүл отырғызу, көгалдарға күтім жасалып жатырғандығы байқалмайды. Болашаққа ең жақсы инвестиция – бұл балаларға құйған инвестиция. Сондықтан мүмкіндігінше балалардың дамуы үшін жағдайлар жасалуы қажет. Саябақтарды дамыту керек, қаланың әр ауданында сапалы ойын алаңдары қажет. Бұл нысандарға үнемі күтім жасаса, уақытында тазалау, қоқыстарды тазарту, жөндеу, өсімдіктерге күтім жасау және т.б. Саябақ пен ойын алаңдарын салғаннан кейін оны ұмытып кетуге болмайды.