Басты бет » Жаңалықтар » AUEZOV UNIVERSITY ҒАЛЫМЫ «ЖАС ҒАЛЫМ» ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ

AUEZOV UNIVERSITY ҒАЛЫМЫ «ЖАС ҒАЛЫМ» ГРАНТЫНА ИЕ БОЛДЫ

AUEZOV UNIVERSITY ғалымы Әсел Тлеукеева шөгінді суларды кәдеге жарататын жобасы үшін «Жас ғалым» грантын ұтып алды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Әлемде, елімізде болсын ғалымдардың бастамасымен қатты қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату бойынша түрлі жобалар іске асып келеді. Ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымы, PhD Әсел Тлеукеева құрамында фосфоры бар шөгінді суларды кәдеге жаратумен айналысатын инновациялық жаңа жобаны қолға алды. Осы жас ғалымның жарқын жобасы Ғылым және жоғары білім минстрлігінің «Жас ғалым» байқауында грант иеленді.
«Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» бағыты бойынша қолға алған зерттеуім елімізде өзекті мәселелерді шешеді. Техногендік қалдықтарды кәдеге жарату көптеген қалалардың, соның ішінде Шымкент қаласының да алдында тұрған күрделі экологиялық проблема болып табылады. Өйткені өңірімізде өндіріс орындарынан шығатын техногенді қалдықтар осы күнге дейін кәдеге жаратылмаған. Құрамында фосфоры бар қалдықтар биогендік элементтерге бай екендігін атап өткім келеді. Аталған элементті өсімдіктердің өсуіне және топырақтың құнарлылығын арттыруға пайдалануға болады. Бұл мәселелерді шешу үшін құрамында фосфоры бар қалдықтарды кәдеге жарату арқылы көкөніс дақылдарына оңай сіңетін органикалық тыңайтқыштар жасай алатын жасыл микробалдырлардың штамдары қолданылады», – дейді Әсел Ержанқызы.
Жобаны іске асыру барысында Қазақстанның оңтүстігіндегі өзендер зерттеліп, құрамында фосфоры бар қалдықтарды кәдеге жарату үшін перспективалы жасыл микробалдырлардың оңтайлы штамдары бөлініп алынбық.
Ғалым қазіргі таңда өңірдегі ірі кәсіпорындарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жас ғалымның зерттеуімен фосфоры бар шөгінді сулардан алынған биологиялық тыңайтқыштар сортаңға айналған аймақтардағы топырақтың құнарлылығын арттырып, шаруаларға пайдасын тигізетініне сенімдіміз.