МӨЛТЕК СЫР
«Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек – жар және мамандық таңдаудан» дегенді жиі айтамыз. Расымен де, бұл сөз қазір жастар үшін үлкен маңызға ие, себебі көбісі өз арманын қуу жолында қателесуі мүмкін. Бұл айтылған ойдың астарында ақиқат жатыр. Өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ, ең алдымен, мамандық табудан қателеспеу керек.
«Менің болашақ мамандығым?» деген сұрақтың өзі терең ойға батыратыны рас. Өз ойымды айтып кететін болсам, жүрек не қалайды – соны таңдау керек, бірақ біз енді үлкен өмірге аттанған сәтте шын ниетпен жүрегіміздің қалауын да білмеуіміз әбден мүмкін. Осындай сәтке тап болған кезде шешімді табу одан әрі қиынға соғатыны рас және үлкендердің балаға мамандық таңдау кезеңі басталады. Шыны керек, осындай жолдың болуына мен қарсымын, себебі ата-аналар балаларына мамандықты таңдап бермей, тек қана бағыт көрсетулері керек. Бұл дегеніміз – болашақ студенттің өмірде қандай қызығушылықпен айналысатынын зерделеу. Мысалы, талапкер спортқа қызықса, ендеше әрі қарай кәсіпқой спортшы ретінде өзін сынап көре алса, басқа талапкер шығармашылық жағынан талантын байқап, оқу-орнына түсе алады. Негізі, мысалдарды айта берсек жеткілікті, ең бастысы – адамның өзіңде сол мамандыққа деген құштарлығы болғаны. Өз жұмысын шын ниетімен сүйген адам ғана биік жеңістерге жете алады. Одан гөрі, ол сол жерден қашпай, керісінше карьера құруға тырысады. Егер де тіпті талапкер белгілі бір іске қызығушылық танытпаса, ендеше келесі соңғы әрі ұтымды таңдау маңызды. Сонда ғана адам табысты жұмыс жасауға бет бұрып, қойған мақсаттарына қол жеткізеді.
Қорытындылай келетін болсам, егер де сіз болашақ студент болсаңыз – өз-өзіңізге сеніңіз, қателік жасаудан ешқашан да қорықпаңыз. Тек қателіктер бізді оятады, жігерлендіреді, өмірді түсінуге үйретеді. Өмір ащы сәттерге толса да, мұнаймауға барынша тырысыңыз. Өзіңізден ғана өміріңіз байланысты болады, 18 жасқа толғаннан бастап ғұмырыңыз үшін толықтай жауапты адам өзіңіз екеніңізді ұмытпаңыз.
Роллан Граменский,
Еуразия ұлттық университетінің студенті